- Негізгі бет
- Білесіз бе?
- Samsung әлем нарығын...
Samsung әлем нарығын қалай жаулады?
Бастапқыда Samsung азық-түлік өнімдерін сатумен айналысатын компания ретінде құрылған. Ал екінші дүниежүзілік соғыстан кейін компания сақтандыру, сауда және қауіпсіздік салаларында қызмет көрсете бастайды. Кейінгі онжылдықта теледидар құрастыруға көшеді. Осылай оңтүстік кореялық компания өзінің негізгі бағытын бірнеше онжылдықтар бойы таба алмай жүрген екен. Ендеше Samsung "халықаралық деңгейдегі корпорация" статусын қалай иемденді?
Компанияның жетістігін қарапайым микротолқынды пеш технологиясымен түсіндіруге болады. Аталған тұрмыстық техниканы алғаш рет Перси Спенсер есімді америкалық инженер құрастырған. 1946 жылғы алғашқы прототип әскери мақсатта қолданыла бастайды. Ал, 1955 жылы пештің тұрмыстық жағдайға бейімделген типі шығарылады. Көп өтпей, 1962 жылы жапондар да аталған өнімді саудаға шығарады. Осылай 1960 жылдары әлем нарығында микротолқынды пештің америкалық және жапониялық нұсқасы пайда болды.
Америкалық Raytheon компаниясы 1946 жылы Radarange атауына ие әлемдегі
ең алғашқы микротолқынды пешті құрастырады
Алғашқы прототип
Юн Су Чу есімді инженер Samsung компаниясындағы еңбек тәжірибесін 1973 жылы бастайды. Ол алғашқы кезде тұрмыстық техникалардың құрылымдық модельдерін дайындаумен айналысады. Көп өтпей 43 жастағы кәріс инженері компания басшылығынан арнайы тапсырма алады. Самсунг корпорациясының вице-президенті Чунг мырза Чуға АҚШ пен Жапонияның микротолқынды пешіне ортақ кәріс өнімін дайындауды пысықтайды.
Чунг мырза жаңа тұрмыстық техниканы Оңтүстік Кореяда сатып, табысқа жету мүмкін емес екенін білетін. Себебі ол кездегі кәріс қоғамының тұтыну мүмкіндігі асхана жабдығын сатып алуға қауқарсыз болған. Демек микротолқынды пешті тек экспортқа дайындау керек. Ал нарықта америкалық және жапониялық алып корпорациялармен бәсекелесу қиынның қиыны болатын. Соның өзінде жаңа жобаны тәжірибеден өткізуге шешім қабылдайды.
Samsung АҚШ-тан Jet 230 (General Electric), ал Жапониядан R-10 (Sharp) микротолқынды пешін алдырып, Чуға береді. Samsung инженері пешті қыздырушы бөлігі магнетронды (электрондар мен микротолқындардың өзара қатынасынан магнит өрісін қалыптастыратын бөлшек) құрастыру кезінде қиындыққа тап болады. Алғашқы прототипті қосқан кезде, пештің сыртқы корпусы жанып кетеді.
Десе де, Чу өз дегенінен қайтпайды. Ол пешті қайтадан құрастырып шығады. 1970 жылдардың соңында әлемдік нарықта 4 миллион дана пеш қолданыста болған кезде, Samsung инженері бір прототипті құрастырып үлгермеген еді. Осы өріспен, кәріс инженері 18 ай ішінде алғашқы қолданбалы микротолқынды пешті құрастырып шығарады. Оны екінші рет іске қосу кезінде, Чу мырза кез келген нәтижені көруге дайын еді. Дегенмен, тоқтаусыз жігер мен ерен еңбек өз нәтижесін берді.
Samsung компаниясы – тұрмыстық техника нарығының ең ірі үлескері
Өнім дайын, енді оны сату керек.
Samsung әлемдегі үшінші компания болса да, дамыған елдердің өнімін дайындауға тырысып баққанын білеміз. Бұл автомобиль заманында велосипед құрастырумен тең. Десе де, оңтүстік корейлік компания үшін маңыздысы табыс емес, өнім еді. Себебі Samsung компаниясының жетістікке жетуіне мемлекеттік деңгейде қолдау білдірілген. Ел үкіметінің мақсаты бір компанияның лозунгімен бір елдің атын әлемге таныту болған.
Компанияның жарнама жасауға да қомақты қаржысы жоқ еді. Одан бөлек, Чу құрастырған кәріс микротолқынды пеш әзірге экспортқа дайын емес. Соның өзінде Samsung басшылары жаңа өнімді АҚШ нарығына шығаруды көздейді. 1980 жылдары Америка тұтыну мүмкіндігіне орай әлемдегі ең үлкен нарық болатын. АҚШ микротолқынды пеш нарығының 75 пайызы General Electric компаниясына тиесілі болған болса, қалғанын жапониялық өндіріс өкілдері иемденген еді.
1979 жылдың орта шеніне қарай, әлемде 4 миллион дана микротолқынды пеш сатылған болса, оның небәрі 1460 данасын кәрістер дайындаған. 40 жылдай бұрын Америка нарығындағы пештер 350-400 АҚШ доллары бағасымен сатылған. Ал Samsung өз өнімін 300 доллардан нарыққа шығарады. Компанияның аты белгісіз болғаннан кейін, өнімге бастапқыда сұраныс болмайды. Микротолқынды пештердің төмен бағамен сатылуы Samsung үшін барып тұрған шығын болды. Ал оның сұранысқа ие болмауы шығын көлемінің артуына алып келді.
"Тұтынушыны күтуді доғарма"
"Тұтынушыны күтуді доғарма" принципін ұстанатын оңтүстік кореялық компания нарықтағы ең арзан ұсынысты жасауды жалғастыра береді. Экспорттың бірінші жылы Samsung АҚШ нарығының 1 пайызын иемденеді. Америкалықтар дамушы елдің ұсынған өнімініне сенім арта бастайды. 1982 жылы Samsung жылдық өндіріс көлемін 200 мың данаға дейін көтереді.
1979 жылы АҚШ-тың General Electric компаниясы жыл сайын миллиондаған микротолқынды пешті шығарып жатқан кезде, Samsung тұрмыстық техникаларды құрастыратын цехтарын енді жасақтап жатқан болатын. Сол кезде оңтүстік кореялық компания аптасына 20 шақты пеш құрастыра алған болса, қазіргі таңда, аптасына 12 мыңнан астам микротолқынды пеш нарыққа Samsung логотипімен шығарылады.
Samsung Engineering компаниясы әлемдегі ең биік ғимаратты салған
Samsung микротолқынды пеш нарығының 3 пайызын иемденген кезде, жапонның Matsushito және Sanyo компаниялары оңтүстік кореялық бәсекелесін нарықтан ығыстыру мақсатында өз өнімдерінің бағасын төмендетеді.
Samsung нарықтағы үлесін жоғалтпау үшін тағы да бағаны төмендетуіне тура келеді. Оған кәрістердің мүмкіндігі бар еді. Себебі Samsung бір микротолқынды пешті құрастыруға 155 АҚШ долларын жұмсаса, америкалық General Electric компаниясынан $218 кеткен. Бұл америкалық компанияның нарықтан шығып қалуын қамтамасыз етті.
Samsung компаниясы 1984 жылы өзінің миллионыншы пешін экспорттайды. Ал 1987 жылға қарай, компания әлемдік нарықтың 20 пайыз үлесін игеріп, 3,5 миллион дана микротолқынды пешін сатып үлгереді. Кейінгі онжылдықта америкалық General Electric компаниясы микротолқынды пеш шығаруды тоқтатады. Себебі нарықтағы бәсекелестікке төтеп бере алмайды.
Ұлттық мүдде
Samsung компаниясының жетістігі кәрістер үшін ұлттық мүдде деуге болады. Себебі дамушы елден шыға тұра, дамыған елдің алып корпорацияларына қарсы тұру оңай емес. Орташа есеппен, 1980 жылдары әрбір америкалық аптасына 40 сағат еңбектеніп, сағатына 2 АҚШ долларына алып жатқан кезде, кәрістер аптасына 68 сағат жұмыс істеп, сағатына 28 цент алған. корейлер өздерін емес, келесі ұрпақтың жағдайын жасап жатқанына қуанған еді.
Кәрістер микротолқынды пеш нарығын қалай жаулаған болса, түрлі түсті теледидар нарығын да солай игереді. Ал Samsung құрастырған алғашқы компьютер 1983 жылы сатылымға шығады. Нарыққа қандай жаңа өнім шығарылса, соны игеріп алып, өзіндік прототиппен шығару әдісін кәрістер қолданған болса, қазір қытайлар осы жолмен дамып келеді. Сувон қаласында тұратын азаматтардың басым бөлігі Samsung Digital City компаниясында еңбек етеді. Бұл жерде оңтүстік кореялық компанияның футуристік жобаларын сынақтан өткізетін зерттханалар мен оларды алғашқы прототиптерін құрастыратын технолабтар жұмыс істейді. Компанияның басты штаб-пәтері де осы қалада орын тепкен.
Соңғы жылдары оңтүстік кореялық компания ұсынған "ақылды" теледидарлар әлемдік нарықта сұранысқа ие.
Samsung корпорациясы әлемнің 56 елінде 124 кеңсесі бар. Жалпы компания еншісіне енетін өндірістік орталықтарда 500 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Ендеше оңтүстік кореялық компанияның біз білмейтін салаларына тоқталып өтсек. Samsung конгломераты құрылыс, тұтынушы электроника, сақтандыру, қауіпсіздік, қаржы қызметтері, кеме жасау, фармацевтикалық өнімдер дайындау салаларын қамтитын 80 компанияны біріктіреді. Samsung Engineering and Construction әлемдегі ең биік ғимарат Бурж Халифаны, Куала Лумпур символына айналған Петронас мұнараларын салған. Одан бөлек, корей инженерлері қауіпсіздікті қамтамасыз ететін смарт-роботтарды дамытумен айналысып жатыр.
Оңтүстік кореялық компания өткен жылы 201,87 триллион кәріс воны ($175 000 000 000) көлемінде кіріске ие болған болса, оның 29,24 триллионы ($25 300 000 000) таза табыс болған. Компания болашақта сұранысқа ие болатын футуристік өнімдерді зерттеуге жыл сайын 15 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсайды. Сол себепті Samsung өнімдері жыл өткен сайын қолайлы әрі тиімді болып келеді.
Ж. Өрісбай