Күні кеше Interbrand консалтингтік компаниясы әлемдегі ең қымбат брендтер тізімін жариялады. Жоғары технология нарығындағы ең белсенді компаниялар ондығына биыл Apple, Google, Microsoft, IBM, Samsung және Amazon кірген. Одан бөлек, рейтингте автомобиль өндірушілер, жиһаз, киім, тағам және газды сусынмен айналысатын брендтер де бар. Бүгін біз негізгі бизнесі газды сусын болған Pepsi компаниясының өзге нарыққа ауысу ықтималдығы туралы жазуды ұйғардық.
Алпауыт компаниялар тарихында мұндай өзгерістер жиі болған. Мысалы, алғашқы смартфон құрылымын жасаған Siemens компаниясы ХІХ ғасырда телеграфты желілерді салумен айналысқан. ХХ ғасырда нарық сұранысына орай телефон бизнесіне ауысады. Ал қазіргі таңда ұшаққа арналған электрлі қозғалтқыш құрастыру жобасын қолған алған. Оңтүстік корейлік Samsung бастапқыда қант шығаратын зауыт ретінде құрылады. Кейіннен балық өңдеу және көкөніс өсірумен айналысады. Ал 1970 жылдары микротолқынды пеш құрастырып, тұрмыстық техникалар нарығына ауысады. Coca Cola компаниясының ең басты бәсекелесі Pepsi енді өз мүмкіндігін смартфондар нарығында сынап көрмек.
Америкалық Phone Arena ғаламтор ресурсына сенсек, Pepsi P1 смартфоны жақында нарыққа шығарылуы мүмкін. Ол үшін Pepsi компаниясы арнайы өндірістік зауыт салмайтыны белгілі. Pepsi Қытайдағы смартфон өндірісімен айналысатын компаниялардың біріне танымал газды сусын брендінің атын смартфондар нарығында қолдануға лицензия ұсынған.
Ғаламторда тараған мәліметке орай, Қытайда құрастырылып жатқан жаңа смартфон MediaTek MT6592 чипіне бейімделген 5,5-дюймді дисплеймен жабдықталған. Ал смартфонның графикалық процессоры – 1,7 ГГц жиілікке ие ARM Mali-450. Сонымен қатар, гаджеттің оперативті жады 2 ГБ болса, қосалқы жады 16 ГБ көлемді құрайды. Pepsi логотипімен шығатын смартфон Android 5.1 операциялық жүйесінде жұмыс істейді. Гаджеттің бағасы шамамен 205 АҚШ доллары көлемінде болмақ.
Расында Pepsi P1 қымбат бағалы смартфондарға бақталастық тудыра алмайды. Сондай-ақ, өндіріс көлеміне қарай орта тапқа арналған девайстармен де бәсекелеске түсе алмайды. Америкалық компания бұл жобасы арқылы Pepsi брендінің танымалдық деңгейін анықтағысы келеді.
Айта кетсек, Pepsi Cola сусынын 1898 жылы америкалық Нью-Берн қаласының тумасы Калеб Брэдхем есімді фармацевт ойлап тапқан. Алғашқыда «Брэд сусыны» деп аталған өнімнің құрамына пепсин (гидролаз класына жататын протеолит ферменті) мен кола жаңғағының экстракті кіреді. Pepsi Cola атауы 1903 жылдан бастап қолданылады. Қазіргі таңда Pepsi Cola әлемдегі ең көп сұранысқа ие газды сусындардың біріне айналған. Дегенмен нарықтағы табысы бойынша басты бәсекелесі Coca Cola компаниясынан кейінгі орында келеді.