Instagram желісінде көп лайк жинау

Instagram желісінде көп лайк жинау
Фото: vk.com

Инстаграм – ХХІ ғасырдағы беделді әлеуметтік желілердің бірі. Сурет ғұмырыңызбен бөлісе отырып, адамдардың қызығушылығын оятатын, қай жерде болмасын өзіңіз жайында ақпарат беру үшін бұл әлеуметтік желі таптырмас дүние. Бірақ бүгінде «инстаграм» адамдар үшін жай ғана беделді желі емес, тіпті «дертке» айналып барады. Бұл қалыпты жағдай. Осы парақшада отырып көп лайк жинау, жазылушы санын арттыру үшін шың басына да, жер астына да түсіп жатамыз. Ақиқат. Бірақ қалай жинау керектігін көбіміз біле бермейміз. Біз сізге осы сұрақтың жауабын таптық. 

Хэштегті дұрыс және көп пайдаланыңыз 
Инстаграмм желісіндегі «хэштег» сіздің суретіңіз көп көрілуіне әсер етеді. Хэштег деп отырғанымыз кілт сөздер. Салынған суретіңізге байланысты хэштег жазу арқылы сіз басқа адамдардың қызығушылығын арттырасыз. Бір хэштегті ұзақ әрі тұрақты түрде пайдалану арқылы да сіз пайда көре аласыз. 
Сонымен қатар ең көп жазылған, ең беделді деген хэштегтерді пайдаға асырыңыз. «Жұлдызды хэштегтердің» ішінен бірін таңдап, пайдаланып көріңіз. Сіз сол сәтте мыңдаған адамның арасына топ ете түсетін боласыз. 
Мысалы: #instagram

Суретке өң беріңіз 
Әрбір суретіңізді сол қалпында салудан қашыңыз. Әлеуметтік желіде шынайылықтан жасандылық жоғары тұрады. Бұл жаман деген сөз емес, дегенмен өзіңзге өзгелердің көңілін аудартып, көп лайк жинағыңыз келсе, осылай істеуге тура келеді. Суретке кез келген өңді беру де кейде артықтық етеді. Ең танымалдары: Early-bird, X-Proll және Valencia. 

Сурет өзіңізді емес, өзгелерді қызықтырсын 
Инстаграм желісінде көпшілігі кез келген суретін салып жатады. Бұл сізді жұлдыздар қатарына қоса алмайды. Сіз инстаграм парақшасын өзіңіздің галереяңыз деп қараңыз. Онда салған суреттеріңіз ең керемет әрі ең тамашасы болу керек. 

Ескерте кету керек, ешқашан бірдей тұрған үш суретіңізді бір қатарға салмаңыз. Арасында алуандылық болғаны абзал. 

Беделді адамдармен түскен суреттеріңіз көп болсын 
Жұлдыздармен, беделді адамдармен суретке түсуге тырысыңыз. Атақтылардың атағы сізді де атаққа жеткізеді, шүбә болмасын. Тек қана суретті салып қоймау керек, оларды белгілеңіз. Ол үшін айқұлақ (@) пайдалану арқылы жұлдыздың инстаграм парақшасындағы атын теріңіз. Сол жеткілікті. Мысалы: @saken_maigaziyev 

Сүйікті үй жануарларыңыздың суретін салуды ұмытпаңыз 
Сүйкімді жануарлар инстаграмм желісінің жұлдыздары. Өйткені жан-жануарладың қылығы мен олардың сүйкімді келбеті кез келген адамды өзіне баурап алады және еріксіз лайк басқызады. 

Жегеніңіздің бәрін сала бермеңіз 
Бүгінде бұл әдетке айналып кетті. Ішіп-жегеніңізді сала беруден аулақ болыңыз. Тек ерекше, өзіңіз жеп көрмеген, өңі де дәмі де өзгеше, елді де елітерлік астың суретін салыңыз. Бірақ күн сайын жарияламаңыз. Анда-санда ғана салуға болады. 

Суретті күніне тұрақты түрде салып тұрыңыз 
Әдемі де қызыққа толы әлеміңізбен күнделікті бөлісіп отырыңыз. Күніне екі немесе үш сурет салыңыз. Әр суретіңіз әртүрлі болғаны жөн. Ал қызыққа толы жағдайларға тап болсаңыз есепсіз салуға да болады. 
Инстаграм парақшасына адамдар кез келген уақытта кіреді. Мейлі жұмыста, дастарқан үстінде, жолда да. Сіздің суретіңіз сол қатардан табылып, лайкқа ілінсін десеңіз тұрақты болыңыз. 

Ескерте кету керек: үш суретіңіз үш түрлі болсын. Мәселен, біреуі өзіңіздің суретіңіз, қалған екеуі тақырыптық немесе қызықты бір сурет болса, қатып кетер еді. 

Әлеуметтік желі қоғамның бір бөлшегі. Дегенмен есте болсын, "инстаграм" желісі арқылы лайк жинау үшін рухани құндылығыңыздан айрылып қалуыңыз да мүмкін. Жақсысын айтыңыз бірақ жаманын жасыруды да ұмытпаңыз!

М. Асқарұлы