Ғаламтордағы ақпараттық ағымдарға сенетін болсақ, Google веб-корпорациясы Twitch қызметін сатып алу туралы келісім жасаған. Сатып алу туралы нақты ақпаратты корпорация басшылығы алдағы аптада ресми түрде хабарлайтын болады.
Естеріңізге сала кетейік, Twitch видео ойындар мен киберспорттық турнирлердің онлайн трансляциясын жүргізуге бағытталған видеостримингті қызметтің бір түрі болып табылады. Сайт 2011 жылдың мамыр айында қолданысқа енген. Статистика бойынша Twitch-тің бір айлық қолданушылар саны 50 миллионға жетеді екен. Ал оның 1,1 миллионнан астам тұрақты қолданушысы айына кем дегенде бір рет өз видеоматериалын онлайн трансляциялайды.
Аталған ғаламтордағы қызмет түріне Google-дің, нақтылап өтсек, оның меншігі болған Youtube видеохостингінің қызығушылық танытып отырғаны туралы алғашқы ақпараттар ағымдағы жылдың мамыр айында тараған болатын. Сол кезде, Twitch Youtube-тің жарнамадағы табысын арттыруға көмектесетін қосалқы видеоқызмет болатыны да айтылған еді.
Ал қазіргі кезде белгілі болғандай, корпорация қажетті құжаттарға қол қойып үлгерген деседі. Келісім бойынша Twinch 1 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр.
Ал сарапшылардың ойынша, Googlе Twitch-ті өзінің Youtube арқылы жасалынатын вебинар онлайн трансляциялау қызметін дамыту мақсатында сатып алған екен. Дегенмен, екі жақ та келісім туралы әзірге ақпарат таратпауды ұйғарыпты.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: recode.net