Google-дің жаңа штаб-пәтері қандай болмақ?

АҚШ-тың Купертино қаласында орын тепкен Apple корпорациясының жаңа кеңсесі ғарыштық кеме дизайнында салынып жатқандықтан, Google да жаңашыл бағыт алуды негіздепті. Аталған ғаламтор алыбының штаб-пәтері Силиконды алқаптағы Маунтин-Вью қалашығында бой көтермек.

Айта кетсек, алып кешеннің дизайнымен айналысып жатқан Heatherwick Studio және BIG компанияларының мамандары жасаған бірнеше сызбалар ғаламторға жарияланды. Google сәулет өнерінде тәжірибесі мол бұл екі компанияға жаңа бастаманың кілтін сеніп тапсырған.

Құрылыс нысанының ең басты артықшылығы оның орын ауыстыруға келетін модульдерден жасақталуы болып отыр. Болашақта Google қызметкерлері ғимараттың кез келген бөлігін (блогты модульдерін қосқандағы интерьерді) өзіне ыңғайлы етіп өзгерте алады.

Одан бөлек, кеңсенің тәуелсіз микроклимат жүйесі болады. Google жарық пен ауаның автоматты түрде жаңаланып тұруға мүмкіндік беретін технологияны қолдануды жоспарлаған. Сонымен қатар, энергияны өндірудің альтернативті әдістері пайдаланылмақ.

Штаб-пәтер зәулім кейіпке енетін болса да, оның табиғаттан алыстай қоймайтыны да жоба аясында қаралған. Сондықтан қалашықтың айналасы жасыл ағаштармен, велосипед жолақтары және кішігірім көңіл көтеру орталықтарымен жабдықталады. Бір сөзбен айтқанда, Google қызметкерлері барлық қолайлылыққа қол жеткізеді.

Әзірге Google-да алып жобаның сызбалары ғана бар. Ендеше оны толық жүзеге асыру жобаға жауапты компаниялардың қолында. Жаңа силикондық штаб-пәтер жоспар бойынша 2020 жылы қолдануға берілмек.

Сурет: www.fastcodesign.com

Оқи отырыңыз: 

Финдік Puzzlephone смартфоны Google-ға бақталастық тудыруы мүмкін

Google мобильді оператор қызметін ашпақ

Google басшысы Интернет жойылып кетеді деп болжады

Google ғарышты игеруге бет бұрды