Бүгінгі таңда ғаламтордағы бар ақпаратты өзінде жинақтай алған Google корпорациясының браузері - әлемдегі ең көп қолданылатын іздеу платформасы. Бастапқыда Google Стэнфорд университетінің студенттеріне арналып жасалады. Оның логотипі бүгінге дейін бес рет өзгерген.
Google логотипі алғаш рет 1998 жылы ұсынылған. Алғашқы нұсқасымен қазіргі дизайнында айырмашылықтар бар. Бір-біріне мүлдем ұқсамайды десек те болады. Айта кетсек, бастапқыда Google атауына "леп белгісі" қосылып жазылса, қазір тыныс белгісінің алынғанын көреміз.
Америкалық интернет алыбының басшылары бірнеше күн бұрын Googlе браузерінің логотипін алтыншы рет өзгертті. Дизайнның концепциясы сол қалпында қалған. Нақтырақ айтсақ, алты әріп пен олардың түсінің реті (көк, қызыл, сары, көк, жасыл, қызыл) өзгертілмеген. Тек атаудың шрифті ауыстырылып отыр.
Google браузеріндегі бұл өзгерістер корпорацияның қайта құрылуымен байланысты. Нақтырақ айтсақ, тамыз айының соңында Google басшылары Alphabet холдингін құрды, ал Google оның бір бөлігіне айналды. Google-дың жаңа басшысы Сундар Пичаи (Sundar Pichai) көп өзгеріс енгізуде. Солардың бірі – браузер логотипі.