Google Maps Балпан мен Плутонға саяхат жасау мүмкіндігін ашты

Google Maps Балпан мен Плутонға саяхат жасау мүмкіндігін ашты
Фото: google.com

Google компаниясы Google Maps карталарына жаңарту енгізіп, Күн жүйесіндегі ғаламшарлар мен олардың серіктеріне саяхат жасауға мүмкіндік ашты. Енді Балпан (Меркурий) мен Шолпан (Венера), Қызылжұлдыз (Марс) бен Есекқырғанның (Юпитер) бедерін үйде отырып зерттеуге болады.

Жаңа нұсқада барлығы он алты аспан денесі бар. Олар: Балпан, Шолпан, Жер, Ай, Қызылжұлдыз, Церера кіші ғаламшары, Есекқырғанның серіктері – Ио, Еуропа мен Ганимед, Қоңырқайдың (Сатурн) серіктері  Мимас, Энцелад, Диона, Рея, Титан мен Япет және Плутон планетасы. Картада әр нысан жайлы түрлі деректер көрсетілген. Қажетті планетаңызды таңдап, оның бедерін көзбен көріп қана қоймай қай кратері немесе тауы қалай аталады, ол атаудың шығу тарихы қандай және қашан ашылған деген секілді сұрақтарға жауап ала аласыз.

Google компаниясы хабарлағандай, бұл карталар осыдан жиырма жыл бұрын Қоңырқай мен оның серіктерін зерттеу үшін ғарышқа ұшырылған Кассини аппаратының Жерге жіберген жарты миллионға жуық суреттері негізінде жасалған. "Кассини су тапқан Энцеладтың мұз құшқан жазықтарын зерттеңіз. Титанның метанды көлдерін көру үшін қалың бұлттардың астына үңіліңіз. Мимастың көлемді кратерлерін қараңыз", - дей келе, компания NASA мен Еуропа ғарыш агенттігі ұсынған деректерді жинастырып, осы карталарды құрастырған суретші Бьерн Йонссонға алғыс айтты.

Сондай-ақ, картадан терезесі Жерге қарап тұрған Халықаралық ғарыш станциясының ішін де тамашалауға болады. Сілтемеге өтіңіз де, ғарыш әлемін зерттеңіз!

Y. Almabek