2004 жылы Гарвард жатақханасында құрылған Facebook әлеуметтік желісі қазіргі кезде ең жылдам дамып келе жатқан IT-компаниялардың біріне айналды. Егер компанияға IPO-ға дейін инвестиция құйып, оның небәрі 0,1%-ын сатып алғаныңызда, дивидентіңіз 100 миллион АҚШ долларына айналар еді. Сол үшін де IT-компаниялардың IPO-ға шығуы кез келген инвесторды қызықтырады. Желінің негізін салған Марк Цукерберг 21 жасында алғашқы миллионын тауып, 28-ге келгенде «ең жас миллиардер» атанады.
2012 жылы өткен IPO-дан Марк Цукерберг ең үлкен табысты иеленеді. Акциялар сатылғаннан кейін Марктің еншісінде компанияның 28,2% үлесі мен бас директор лауазымы қалады. Айта кетсек, 1986 жылы Microsoft IPO-ға шыққан кезде Билл Гейтс корпорацияның 49,2% акциясына иелік еткен. Ал 2004 жылы Google акциялары Нью-Йорк биржасында сатылғаннан кейін Сергей Брин мен Ларри Пейдж (Google негізін салушылар) компанияның небәрі 15% акциясын басқарған.
«Accel Partners» инвестициялық қоры
Facebook компаниясының негізгі акционерлерінің бірі – «Accel Partners». Венчурлы серіктестер бірлестігі білім, бағдарламалық қамту, БАҚ және электронды коммерция салаларындағы компанияларға инвестиция құюмен айналысады. Қордың басты инвесторы Джим Брейер Facebook компаниясына 12,7 миллион қаржы салып, 11,4% акциясын иемденеді. Ал IPO-дан кейін (2012 жылы) Джим басқаратын акция пакеті 1,85 миллиард АҚШ долларына бағаланады.
Джим Брейер, инвестор
Accel Partners қоры 1983 жылы Силиконды алқап орналасқан АҚШ-тың Пало-Альто (Калифорния) қаласында құрылған. Ол бүгінге дейін 300-ден астам компанияға инвестиция құйып, миллиардтаған табысқа жеткен. Венчурлы компанияның Нью-Йорк және Лондон қалаларында, сонымен қатар, Үндістан мен Қытайда өкілдігі бар.
Цукерберг достары
Марк Цукерберг Гарвард университетінің (АҚШ) Психология факультетінде оқыған болса да, IT саласы бойынша қосымша сабақтардан қалмаған. Ол Facebook платформасын құру үшін Гарвард жатақханасында бірге тұратын достарынан көмек сұрайды. Осылай Дастин Московиц пен Крис Хьюз есімді еврей текті америкалықтар әлі құрылмаған компанияның акционерлеріне айналған еді. Ал Цукербергтің Эдуардо Саверин есімді досы Фейсбуктің шығындарын көтеріп, компанияның алғашқы қаржы директоры атанады. Эдуардо бастапқыда компанияның 30% акциясын иемденген. Кейіннен компания үлесіне қатысты түсініспеушіліктер орын алып, іс сотқа дейін барады. Нәтижесінде Саверин қоржынында небәрі 5% акция қалады. Бүгінгі таңда Эдуардоның табысы 6 миллиард АҚШ долларына тең.
Дастин Московиц пен Крис Хьюз бастапқыда 5%-дан иемденген. Кейіннен Дастиннің пайыздық акциясы 7,6-ға көтеріліп, IPO-дан кейін $5,2 миллиард табысымен «әлемнің ең жас миллиардерлері» қатарынан шығады. Ал Кристің акциясы 1%-ға дейін төмендейді. Оның акцияларын сатқаны не сатпағаны белгісіз. Қазір Крис Хьюздің байлығы 1 миллиард АҚШ долларына тең. Марктың достары қазіргі таңда Facebook компаниясында жұмыс істемейді. Олар тек жыл сайынғы директорлар кеңесіне қатысады.