- Негізгі бет
- Білесіз бе?
- Apple корпорациясының негізін...
Apple корпорациясының негізін қалаған үшінші адамды білесіз бе?
Рональд Джералд Уейн есімді америкалық Apple Computer, кейіннен Apple Inc. деп аталған компанияның негізін қалаушылардың бірі болған. Ол Стив Джобс және Стив Вознякпен біріге жұмыс бастаған. Бірақ Рон сосын компаниядағы өз үлесін алудан бас тартады.
Рональд Уейн жеке кәсіпкер атанудан бұрын компьютер ойындарын шығарумен айналысатын компанияда Стив Джобспен бірге жұмыс істейді. Уейн компанияның алғашқы логотипін жасаушы, үш жақты келісімді ұйымдастырушы әрі компанияның бірінші нұсқаулықтарын жазушы болып табылады.
Рональд басында Apple-дің 10%-дық үлесіне ие болған. Бірақ компания корпорацияға айналмай тұрып, пайыздық табысын $800-ға сатып жібереді. Заңды келісімшарттар толығымен жүргізілген екен.
1976 жылы компанияға Артур Рок есімді инвестор қосылады. Ол бизнес жобаны жасауға қолқа болып, компания енді корпорацияға айналады. Жаңа құрылған компанияға еш наразылықтың тумауы үшін Уейнге $1500 көлемінде дивидент беріледі. Apple бірінші жылы $174 000, келесі жылы $2,7 миллион, 1978 жылы $7,8 миллион, ал 1980 жылы $117 миллион табысқа жетеді. Тағы екі жылдан кейін корпорацияның табысы миллиардтың алқымын алады. Сонда да Уейн өз акцияларын сатып жібергеніне еш өкінбейтінін айтады.
«Бизнесте одан да қиын жағдайға тап болған кездерім болған. Ол екеуі жас, ал менің оларға еріп жүретіндей қауқарым жоқ болатын. Сондықтан бизнестен кетуді ұйғардым», - дейді Рональд. Егер Уейн бастапқыдағы 10%-ын сақтап қалғанда, қазіргі кезде дивиденттің сомасы $35 миллиардқа жеткен болар еді.
1978 жылы Джобс Уейнді компанияға қайтаруға тырысқан. Дегенмен бизнестің ауыртпалығымен айналысқысы келмеген Рональд «Atari» компаниясындағы ойын құрастыруын жалғастыра береді. Сосын зейнетке шығып, кәрілікті кешеді. Сондай-ақ ол өмірінде ешбір Apple өнімін сатып алмағанын айтады.
Уейнге корпорация өндірісіндегі 12 патенті тиесілі. Бірақ олар Рональдқа жеткілікті табыс келтіре қоймаған. Зейнет жасында ол «Apple негізін салушының басынан кешкендері» (Adventures of an Apple Founder) атты мемуарды баспаға беруді жоспарлап отыр.
Расында бизнестің жолында дос болмайды екен. Компания басшыларының арасында не болғанын ешкім анық айта алмайды. Ал Стив Возняк тіпті бұл туралы сөйлеуден жалтарады. Ронның өзі де бұл сауалға келгенде қысқа қайыратын әдет шығарған. Мүмкін оның басты ойы табысқа кенелуде болмаған шығар. Әйтпесе, Ронды Марктан ақша талап еткен ағайынды Винклвосстар секілді кейіпте көрген болар ма едік?
Сурет: www.returnofkings.com
Ж. Өрісбай