Америкалық Apple компаниясы АҚШ-тың Орегон штатындағы Прайнвилл қаласынан 200 акр (80 гектар) жерді сатып алды. Компанияның ресми сайтында жарияланған ақпаратқа орай, Apple 80 гектар жер теліміне $3,6 миллион төлеген.
Apple бұл қаладан осыған дейін де жер сатып алған. Айта кетсек, 2012 жылы купертинолық компания 159 акр жерді жаңа кеңсе мен ақпарат жинау орталығын салу үшін сатып алады. Енді жалпы ауданы 359 акр (145 гектар) болатын жер телімінде құрылыс жұмыстары басталмақ.
Прайнвилл – АҚШ-тың батыс бөлігіндегі Орегон штаты Крук (Crook) округінің әкімшілік орталығы. Қала аумағы небәрі 17,2 шаршы шақырым, 7 мыңнан астам тұрғыны бар. Әрине, Прайнвилл Apple-дің Купертино қаласындағы бас кеңсесінен айтарлықтай алыста жатыр. Дегенмен, бейресми ақпаратқа орай, бұл қалада компания өзінің Safari браузерінің онлайн ресурстары мен iCloud платформасындағы ақпараттар сақталатын орталығын салады.
Құрылыс жобасы 6 миллион АҚШ долларына жобаланған. Сонымен қатар, Apple жергілікті биліктен Прайнвилл тұрғындарын жұмыс орнымен қамтамасыз ететіні үшін салық төлеуде жеңілдіктер алмақ.