Әлемнің көптеген өндіріс орталығы 3D-принтердің көмегімен жоғары технологияға ие өнімді басып шығаруға тырысуда. Бірақ әзірге ешбірі оң нәтиже бере қоймады. Мұндай күрделі жұмысты америкалық GE Aviation компаниясы жүзеге асырып отыр. GE инженерлері 3D-принтердің көмегімен толыққанды жұмыс істейтін реактивті қозғалтқыш жасай алған.
Қозғалтқыш GE Aviation (General Electric корпорациясының ішкі серіктесі) компаниясының Additive Development Center зертханасында белгілі бір жоба аясында жасалған. Темір ұнтағын лазердің көмегімен біріктіру арқылы жасалатын жоғары қуатқа ие техникалық өнімнің іс жүзіндегі төзімділігі басты мәселе болатын. Ендеше инженерлердің еңбегі оң нәтижесін беріп отыр.
GE Aviation өкілдерінің айтуынша, қозғалтқыш құрылымы ең қарапайым үлгімен жасалған. Себебі қазіргі коммерциялық негізде құрастырылып жатқан қозғалтқыштар күрделі құрылымға ие және ол технологияның дамуына біраз кедергі жасап отыр. Ал 3D-басылым мүмкіндігін ескерсек, қозғалтқыштың кішкене бөлшектерін жоспардан шығаруға тура келеді. Сондықтан компания инженерлері қозғалтқыштың жаңа құрылымын ойластырған. Жаңа концепт минутына 33 000 рет айнала алады.
Шындығында бұл нәтиже көптеген инженерді ойландырары анық. Егер 3D-принтердің көмегімен жоғары технологиялық өнімдерді шығару ілгері дамыса, hi-tech саласында үлкен асуларды бағындыру оңай болмақ.
Ұқсас жазбалар:
Samsung квадракоптер мен 3D-принтер шығарады
Ақтөбелік кәсіпкер киіз үйді 3D-принтер арқылы жасайды