Қазір әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратып, жарнама жасау арқылы іс тындыруға болатынының бір мысалы «За тебя, Бәке» деп аталатын топ. Vk.com желісінде жарты миллионнан астам оқырманы бар топты Марғұлан Тұрсынов есімді жігіт ашқан. Ал таяуда ztb.kz сайты да жұмысын бастап кетті. Сайтты жүргізіп отырған жалғыз адам – Әділет Тұрсынбековпен сұқбаттасуды жөн көрдік.
- Жалпы өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Мамандығыңыз қандай? Интернетте жұмыс істеу идеясы қайдан туды?
- Есімім – Әділет, 21 жастамын. ЗТБ-ның командасына 1,5 жыл бұрын қосылдым. "First Media Group" компаниясында PR және журналистика саласында еңбектенемін. Осы негізгі жұмысым бола тұра, қызығушылығымның арқасында ЗТБ-ны қатар алып жүруге уақыт бөлемін, жалпы айтқанда бас редакторымын.
- Vk.com желісіндегі топтарыңыз қашан ашылған еді? Неліктен топтың аты «За тебя, Бәке?»
- Парақшаны 2011 жылы Марғұлан деген бауырымыз ашты. Одан бір жылдай уақыт өте топтың өмірін жүргізуді маған сеніп, тапсырды. Бірақ ол да шамасы келгенше уақыт тауып, ЗТБ-ның тірлігіне белсенді атсалысады, маңызды мәселелер туындаған жағдайда Марғұланның қатысуынсыз шешім қабылдамаймыз.
Парақша ашылған кезде аты "За тебя, Зәке" болып, Заманбек Нұрқаділов атамыздың атына байланысты қойылған болатын, уақыт өте парақшада әзіл-оспақ көбейіп, кейін "За тебя, Бәке" деп ауыстырғанды жөн көрдік. Қазіргі таңда 5 адам болып қызмет жасаймыз.
- Қазірде топтың жарты миллионнан астам жазылушысы бар. Бұл көрсеткіш біздің елде ең жоғарғы көрсеткіш саналады. Бұған қалай жеттіңіздер? Жарнама мен PR саласында білімдеріңіз бар ма?
- Расында Республикамыздағы ең үлкен парақша болып табыламыз, 500 000-ға жақында жеттік. Жарнама мен PR саласында менің ғана арнайы білімім бар, бірақ мен ЗТБ-ның командасына келген кезде, бірден кәсібилік көмегім аса қажет болмады, өйткені жігіттер 1,5 жыл жұмыс жасау барысында интернет-маркетингтің қыр-сырын әбден меңгеріп қалыпты. Кейін, әрине, мен - оларға, олар - маған ақыл-кеңес беріп, идеямен алмасып, қазіргі кезде де бәріміз бірге білімімізді жетілдіріп, біліктілігімізді шыңдап жүрміз. ЗТБ-ның мұндай дәрежеге жетуінің басты себептерінің бірі парақшаның тек ойын-сауық қана емес, сонымен қатар маңызды ақпарат тарату көзі болып табылуынан да деп ойлаймын. Қазнетте талқыланып жатқан маңызды мәселелер жөнінде көбірек жазуға тырысамыз, жалпы жазылушыларымызға не қажет екенін мониторинг, анализ жасап, сол тақырыптар төңірегінде мағлұмат жеткізуге талпынамыз.
- Оқырмандар көбінде орыс тілінде жазба қалдыратындарыңызды айтып жатады. Бірыңғай қазақ тілінде жүргізуге қалай қарайсыздар?
- Оныңыз рас, қазіргі кезде қазақ тілінде жазбаларды көп сұрайды, ана тіліміз «трендте» десек те болады. Бұл әрине, қуантпай қоймайды. Өзіміз де қазақша жазбаларды көбірек ұсынуға тырысамыз, қазақшамыздың жаман емес екендігін көріп отырсыздар. Дегенмен бір дегенде толықтай қазақ тіліне көшіп кете алмаймыз, себебі жазылушыларымыз тек өз еліміздің тұрғындары ғана емес, сонымен қатар 30 пайыздайы Ресейден, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан және де басқа мемлекеттерден. Ол жазылушырамыздың ана тілімізді жетік немесе мүлдем білмегендіктерінен Қазақстан өміріне қызығушылықтарын, елімізде болып жатқан қызықты, көкейтесті мәселелерді білуге деген құштарлықтарын жетімді тілмен - орыс тілімен қанағаттандыруға тырысамыз.
- Жақында facebook.com желісінде де ашылдыңыздар. Фейсбукте оқырман тарту қиын емес пе?
- Фейсбук желісі өзіме ВК-ға қарағанда көбірек ұнайды, сол үшін біз ол жаққа да шықтық. Оқырман тартудан қиналып жүргеніміз жоқ, себебі ол жақтың жүйесі ВК-ға қарағанда басқаша, оқырманның саны көп нәрсені шешпейді.
- Құпия болмаса табыстарыңыз жайлы айта кетсеңіз.
- Нақты қанша пайда түсетінін өзім де білмеймін, бірақ қазіргі таңда оның көп бөлігін жақында ашылған ZTB.kz сайтына жұмсаймыз.
- Қазір әлеуметтік желілерде осындай топ ашушылар көп. Бір-бірінің жазбасын көшіріп, сайттардан мақалаларды ұрлаумен айналысады. Жалпы топ ашушыларға қандай кеңес айтасыздар?
- Беретін кеңесім - көп еңбектеніңіздер және оқырманымызға солар үшін жұмыс жасайтын болғандықтан жаңа идеясы бар, жақсы нәрселер ұсынуға тырысып бағыңыздар! Бәріңізге тек сәттілік тілеймін!
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан: Ардақ Құлтай
Сурет: massaget.kz