Заманауи құрылғылардың қарыштап дамып, бірінен-бірі асып түсіп жатқан бүгінгі кезеңде таңданыс тудырар дүниелер аз. Қоғам ол қабырға. Адам кірпіш. Сол қабырғаға бір кірпіш болып қалану адамның Абайдан міндеттелген парызы. Осыдан 10-15 жыл бұрын кірпіш телефонын қолына ұстаған адамдар бүгінде сол телефонның кетігі мен тетігі қайда қалғанын білмейді де. Себебі, заманауи құрылғы дамыды, қолданушысы одан кейін бірнеше телефон ауыстырып үлгерді. Кезінде, ешкімнің қолынан кездеспейтін сол телефон бүгін қолданыстан шығып қалды. Қазіргі заманның заңдылығының бірі осы тез қолданыстан шығып қалу. Назарларыңызға алдағы 20 жылда жоғалып кету алдында тұрған мамандықтарды ұсынамыз. Алдағы ширек ғасырда білім саласына толассыз өзгерістер енеді деген болжам көп. Бірақ, оның сауатты жүргізілуінде күмән бар. Қазіргі уақытта, арақашықтық арқылы оқу жүйесі енді қолға алынып келе жатыр. Болашақтың еншісінде осы бір саланың даму болжамы басым екен. Мектепке, университетке бармай-ақ, үйде отырып білім алу уақыт үнемдеу үшін оңтайлы тәсіл дейді сарапшылар. Технологияның қарыштап дамуы қазіргі кинотеатр, мейрамхана, қонақүй, фитнес клубтардағы әкімгерлерді жұмыстарынан айырады деген болжам бар. Қазіргі күннің өзінде, қонақүй бөлмелерін, мейрамхана орындарына арнайы бағдарлама арқылы алдын ала төлем жасауға болады. Ғаламтор арқылы онлайн төлем жасау сатушы, дүкенші, кассир мамандықтарының орнын басады. Сонымен қатар, жеткізу құрылғылары арқылы қалаған затыңыз үйіңізге дейін жеткізіледі. БАҚ өкілдерінің де қызметінде өзгерістер болады. Уақыт өте ешкім газет шығарып, журналды қағазға баспайды. Бұл баспасөз құралдарындағы ақпараттар тек ғаламтор беттерінде жарияланады. Болашаққа жасалған болжам бойынша, алдағы 20 жылда осындай өзгерістер болады. Бірақ, бұл адам баласының жұмыссыз қалып, роботтарға тәуелді болып қалатынын білдірмейді. Жаңа құрылғылар, жаңа технология шыққаннан кейін жаңа мамандықтардың да пайда болары анық.