- Негізгі бет
- Беткеұстар
- Винокуровтың велосипеді 20...
Винокуровтың велосипеді 20 миллион теңгеге сатылды
Сәкен жырлаған сұлу Бурабайда осымен үшінші рет Олимпиада чемпионы, «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуровтың қолдауымен қайырымдылық велошеруі өтті, - деп хабарлады baq.kz порталы.
Бұл велошеруді бес жұлдызды «Rixos» қонақ үйі, былтырғы жылы құрылған «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры және Ақмола облысының әкімдігі бірлесіп өткізді. «Асыл Мирас» – Қазақстан теннис федерациясының президенті, «Форбестің» әлемдегі ең бай адамдар тізіміне енген Болат Өтемұратовтың жеке қоры.
Акцияны қолдауға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Тур де Франс 2014» көпкүндігінің жеңімпазы Винченцо Нибали, Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Илья Ильин келіп қатысты.
Шеру былтырғыдай 30 шақырымға созылды. Бурабай тасжолында 200-ден адам велосипед еріне отырды. Олардың арасында топ-менеджерлер, Қазақстандық және шетелдік компаниялардың беделді қызметкерлері, шенеуніктер болды. Одан соң Винокуров пен Нибалидің шайтан арбасынан бастап, үстіне киетін жейдесіне дейін аукционға қойылды. Одан басқа Зарина Дияс, Михаил Кукушкин, Александр Недовесов, Андрей Голубев секілді Қазақстанның белгілі теннисшілерінің қолтаңбасы қойылған ракеткалар аукцион көрігін қыздыра түсті. Негізі аукционға қойылған заттар өте көп.
Аукционда Олимпиада чемпионы Александр Винокуров атындағы қоғамдық спортты дамыту қоры шығарған «Вино» велосипеді 20 миллион теңгеге сатылды. Оны еліміздегі танымал кәсіпкерлердің бірі «Технодом сауда желiлерiнiң иесі Эдуард Ким сатып алды.
Сашаның былтырғы велосипеді 9 миллион теңгеге өткен болатын. Аукционнан велосипед сатып алуда рекорд әлі де болса Нұрлан Смағұловқа тиесілі. Ол былтыр Нибалидің шайтанарбасын 51 миллион теңгеге сатып алған еді.
Шучье балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерi қайырымдылық аукционына бiр лот ретiнде өз қолдарымен 4 картина жасап әкелген болатын. Оны «Асыл мирас» қоғамдық қорының негiзiн қалаушы, Қазақстан Теннис федерациясының президентi Болат Өтемұратов 30 млн теңгеге сатып алды.
Жалпы биыл қайырымдылық шарасынан 105 млн 730 мың теңге жиналды. Бұл қаржы Көкшетаудағы мүмкiндiгi шектеулi балаларға арналған интернат пен Шучье қаласындағы «Балалар үйiне» аударылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша жиналған ақшаға сал ауруына шалдыққан балалар үшiн «Гравистат» және «Гросс» жаттығу құралы мен 36 балаға арнап протездi-ортопелиялық құрал және тағы да басқа қажеттi жабдықтар сатып алынады.
Былтырғы жылы Смағұлов секілді қалталы азаматтардың арқасында 87,7 миллион теңге жиналған еді. Ол кездегі қаржы Ақмола облысындағы перинаталды орталықтың жаңа педиатрия кешенін медициналық жабдықпен жабдықтауға жұмсалған болатын.
Акцияның тағы бір мақсаты – «Қазақстанның Швейцариясы» атанған Көкшетауды жарнамалау, турист тарту.
@. @assel_assanova