- Негізгі бет
- Беткеұстар
- Шығыстағы киелі жерлер...
Шығыстағы киелі жерлер картасына қай орындар кіреді?
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасына орай еліміздегі киелі жерлердің географиясы анықталып, картасын жасау қолға алына бастады, – деп жазады altaynews.kz.
Осы жұмысты жүзеге асыруға орай, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың Назарбаевтану орталығында дөңгелек үстел өтті. Шараға «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалимен бірге өңірдегі мәдениет саласының қызметкерлері, мұражай басшылары мен тарихшылар қатысты.
– Біз «Киелі Қазақстан» атты үлкен карта жасап жатырмыз. Бұл еліміздегі киелі жерлердің тізімін түзу үшін қолға алынып отыр. Тарихи жерлер бұрыннан зерттеліп келе жатса да, бірізділікке түспеген. Осыған байланысты әрбір облыста арнайы жұмыс топтарын құрып отырмыз. Осы жерде басын ашып айта кететін бір жағдай бар, ол киелі жерлердің тізімін билік өкілдері немесе жаңағы жұмыс топтары жасамайды, жергілікті жердегі халық жасайды. Әрбір қазақстандық өзі киелі деп білген жерін ұсынуына болады. Оны облыстық, аймақтық жұмыс топтары біздің орталыққа ұсынады. Біздің орталықтағы белгілі тарихшылар мен қоғам қайраткерлері ол жерлердің мән-мағынасын талқылайтын болады, – дейді осы орталықтың директоры Берік Әбдіғали.
Алдын ала жасалған тізім бойынша Алаш қайраткерлері ғұмыр кешкен Семейдегі мәдени нысандар мен Жидебайдағы ұлылар мұражайы, Берел, Шілікті сынды бірқыдыру тарихи орындардың аты аталды. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың стратегиялық және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Анар Мырзағалиева, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев сынды облыстық жұмыс тобының мүшелері Мұзтауды да осы картаға кіргізсек деген ойларын ортаға салды.
– Біз өз тарапымыздан бұл жобаға 9-10 нысанды ұсынып отырмыз. Ол жаңағы Абай-Жидебай қорық-мұражайы, Қоңыр әулие үңгірі, Шілікті қорғаны, Қиын керіш, Ашутас биологиялық орындарын алып отырмыз. Соңғы екеуі геологиялық нысан болғандықтан, жобаға кірмей қалуы да мүмкін. Сондай-ақ, Рахман қайнары, Берел қорымы мен Мұзтауды кіргізіп отырмыз. Бұдан бөлек Ырғызбай кесенесі мен Аблайкит монастыры бар. Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенесін де ұсынушылар табылды, – дейді облыстық жұмыс тобының мүшесі Анар Мырзағалиева.
Сонымен бірге, бұл жобаға Шығыс өңіріндегі жоңғар шапқыншылығы кезіндегі ірі шайқас орындары да, бүгінге дейін белгісіз болып келген киелі жерлер де кіріп қалуы әбден мүмкін. Бірақ оны жергілікті жердегі халық пен тарихшылар ұсынуы қажет.
Бұл жоба бес жылға жоспарланып отыр. Ал әр өңірдегі киелі жерлердің тізімі жыл соңына дейін анықталып бітуі міндеттелген. Республикалық картаға кірмей қалған нысандар облыстық картаға енеді. Киелі орындардың тізімі жасалған соң, арнайы альбомдар шығарылып, фильмдер түсірілмекші.
Сондықтан бұл жобаға өз туған жерін қадірлейтін, ардақ тұтатын әрбір азамат қатысуы керек.
@. @assel_assanova