«Қазақстан» концерт залында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Биыл байқауға 2285 жанұя қатысқан. Оның 1700-ден астамы ауыл тұрғындары, - деп хабарлады el.kz порталы.
Конкурсқа қатысуға ниет білдерген аталмыш отбасылардың арасынан үздік 16 әулет таңдалып, марапатқа ие болды. Ұлттық байқаудың жеңімпазы атанған маңғыстаулық Құлсариевтер отбасы 25 мың 751 дауыс жинаған. 12 бала, 46 немере, 41 шөбере тәрбиелеп отырған бақытты отбасы ұлттық байқаудың ең үздік аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.
Әр облыстан үздік атанған 16 әулет те бүгін сый-сияпатқа ие болып, арнайы дипломдармен марапатталды. 25 мың 751 дауыс жинап, үздік атанған киелі маңғыстаулық Құлсариевтер отбасына байқаудағы жеңісі үшін арнайы мүсін мен диплом сондай-ақ Қазақстанда жасалған IVECO шағын автобусы сыйға тартылды.
– Құрметті отандастар! 84 жасқа келіп, осы байқауға қатысу мен үшін үлкен мәртебе, үлкен бақыт. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында еліміз көркейіп келеді. Басшымыз Қазақстанды мәңгілік елге айналдыру үшін барлық жағдайда жасап отыр. Бұл байқау елді ұйытып, ұйыстыратын, көңілімізді ыстық ықыласқа бөлеген байқау болды. Отбасының нығаюы – елдің нығаюы. Өз атымнан, 100-ге жуықтаған ұрпғымның атынан, немере, шөберлерімнің атынан зор ризашылығымды білдіремін, – деді отағасы Орын Құлсариев.
Орын ата дәстүрлі өнерді, оның ішінде күй өнерін жанына серік еткен адам. Атамыз тіпті 77 жасында институтқа түсіп, жоғары білім туралы диплом алыпты. 50-ші жылдары музыкалық училищені бітірген ол бірнеше жылдан соң еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанады. Әйгілі «Маңғыстау маржандары» ансамблінің негізін қалаушы, Алжирдегі Х Халықаралық фестивальдің (1986 ж.). дипломанты.
Орын атамыз жасы 84-ке келгеніне қарамастан әлі күнге дейін жұмыс істейді. Кенттегі халық оркестрін басқарып, күй өнерін дәріптеуге үлес қосып жүр. Атамыз шәкірт тәрбиелеп, өнерпаздарды күй тартуға баулиды. Атамыздың «Құрмет» орденімен марапатталған, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, «Аға домбырашы» құрметті атағы бар.