- Негізгі бет
- Беткеұстар
- Лейла Аманбайқызы: "Антқа...
Лейла Аманбайқызы: "Антқа адалдық үшін полициялар ажал аузына түсуден жүрексінбейді "
23 маусым – тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі. 1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. 2007 жылы 5 маусым күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 23 маусым – Полиция күні болып бекітілді.
Биыл Ішкі істер министрлігінің құрылғанына 25 жыл толды. Жыл сайын бұл мереке дәстүрлі түрде тойланады. Massaget.kz порталы осы салада қажырлы еңбек етіп келе жатқан білікті маман, Алматы қаласының Ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі, ювеналдық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Әліпбаева Лейла Аманбайқызымен сұқбаттасқан еді.
Ләйлә Аманбайқызы, сіз таңдаған саланы батылы жетіп екінің бірі таңдай бермейді. Осы қызметке қалай келдіңіз?
Менің бірінші мамандығым – педагог. Алматы қаласындағы Қыздар Педагогикалық Институтын (қазіргі Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университеті) бітіргем. Оның үстіне анам да мұғалім. Институтта оқып жүргенде полициялармен кездесу кеші болды. Сонда бір топ форма киген полиция қыздар келген болатын. Осы кездесу барысында оларға қызметтері жөнінде сұрадым. Кейін осы мамандық иелері бұл салада қызмет етуге болатыны жайында естіп білдім. Сөйтіп, институтты бітіргеннен кейін 1995 жылы Алатау ауданының кәмелетке толмаған істер жөніндегі инстпекторы болып тағайындалдым. Жалпы алғанда балалармен жұмыс жасаған өзіме ұнайды. Кейінірек Алматыдағы Ішкі Істер Министрлігі академиясын бітірдім. Содан бері міне, бір салада жұмыс істеп келе жатқаныма 22 жыл болды. Адам әр нәрсеге өзінің жүрек қалауымен келсе, кез келген істі дөңгелетіп әкетеді. Ең бастысы өзіңе ұнаса болғаны.
Қазақ қоғамындағы әйел полицияның рөлі қандай? Әйел адамға полиция болу қаншалықты қажет?
Қазаққа әйел полициялар ауадай қажет деп ойлаймын. Мәселен, мен өзім жасөспірімдермен жұмыс істеймін. Біздің саланы алсақ, бұл жердегілердің көпшілігі әйелдер. Өйткені, өздеріңізге мәлім болғандай әйел адам әр нәрсенің тілін таба біледі. Олар көбіне балаларға жақын екені айтпаса да түсінікті. Қанша дегенмен оның көзқарасы да басқаша болады. Әйел бір жағынан алып қарасаңыз ана, енді бір жағынан психолог десек қателесе қоймаспын. Ол баланы тани біледі. Сонымен бірге бізде әйелдер қызмет ететін көп сала бар ғой. Мысалы, әйелерді зорлық-зомбылықтан қорғау деген бөлім бар. Шынын айтқанда, ол жерде ер адамдарға жұмыс жасау қиынға соғады. Әйел әйелді жақсы түсінеді. Сондықтан мұнда да әйелдердің істегені дұрыс шығар. Айта берсек көп. Әйел полициялар керек. Қызмет еркек немесе әйел деп бөлінбейді. Десе де осы салада әйелдердің оң жамбасына келетін һәм әйелдер ғана атқара алатын істер бар екенін айтқым келеді.
Сіздердің қызметтеріңізде ерлерге қарағандай әйелдерге қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
Жоқ. Бізде ешқандай да жеңілдік қарастырылмаған. Тәртіп бәріне ортақ. Әйел не еркек деп бөлінбей, барлығымыз бір қатарда тұрып бір жұмысты атқарамыз. Себебі, біз осы қызметті таңдағаннан кейін өзіміз қайда келгенімізді білдік. Біз арнайы ант қабылдаймыз. Әйел болсақ та осыны таңдағаннан кейін ондай жеңілдік жоқ. Антқа адалдық үшін полицейлер ажал аузына түсуден де жүрексінбейді. Қиындығы мен ауыртпашылығын көтеріп, күн демей түн демей бірігіп ел үшін жұмыс жасаймыз.
Полиция болғысы келетін қыз балаларға қандай ақыл-кеңес айтасыз?
Егерде қыз бала осы саланы ұнатам, ел үшін, жұрт үшін қызмет етем дейтін болса, оның шешімі дұрыс деп айтқан болар едім. Алайда айта кету керек, Ішкі істер органдарында жұмыс істеу жауапкершілігі мол қызмет. Өйткені, қанша дегенмен қыз баланың аты қыз бала. Жоғарыда айтып кеткенімдей, ол осыны таңдайтын болса, қайда келе жатқанын білгені жөн. Ол ертең ант қабылдайды. Антты қабылдаған соң, соған лайықты болып, лайықты қызмет ету керек. Қызға жұмысты да, отбасын да бірге алып жүруге тура келеді. Біздің жұмысымыз оңай емес. Оған психологиялық, моральдық дайындық та керек. Егер отбасы болса, отбасы жақтан қолдау ауадай қажет болады. Қызметті ойдағыдай атқару үшін өмірлік серік еткен жан жолдасы оған түсіністікпен қарап, үнемі тірек бола білу керек деп ойлаймын. Менің де отбасым, бала-шағам бар. Егер тағы бір таңдау мүмкіндігі берілсе де бәрібір осы саланы таңдар едім. Бұған ешқашан өкінген емеспін. Адам өз ісін жақсы көрсе, кез келген қиындықты жеңіп шығады.
Сіздіңше нағыз полицияға қандай қасиеттер тән?
Ең біріншіден полицияға адалдық керек. Одан кейін керегі батылдық деп айтар едім. Кез келген жағдайда іске білек сыбана кірісіп кететіндей қырағылық пен ептілікті бойына сіңірген елім деп еңірейтін азаматтар керек біздің қызметке. Полиция болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені, біздің мойнымызға елдің қауіпсіздігі мен амандығы, халықтың тыныштығы жүктелген. Ішкі тұрақтылықты сақтауға сүбелі үлес қосып, келеңсіз оқиғалардың орын алмауына ықпал ететін қазақ полицияларының мәдениетті, білікті де білімді болғаны дұрыс. Бір сөзбен айтқанда, әскери адамға қандай қасиеттер тән болса, полицияда сол қасиеттердің барлығы болуы тиіс.
Сөз соңында кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріңізге, барша қазақстандық полицияларға айтар жылы лебізіңіз болса...
Барша әріптесерімді 25 жыл толған кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Жауапкершілігі мол қызмет саласында ел үшін аянбай еткен еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Отбасыларыңызға амандық, қызметте толағай табыстар тілеймін! Әр қазақстандық азаматтың амандығы үшін еңбек ете беріңіздер!
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Жандарбек Жұмағұлов
Ж. Жұмағұлов