Қазір Қазақстан ауыр атлетикасына күллі әлемнің айрықша назары ауып отыр десек қателеспейміз. Оның себебі де жоқ емес. Соңғы кездері отандастарымыз халықаралық аренада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, биік-биік белестерді бағындыруда. Ұлттық құрама мүшелерімен қатар, жастар арасындағы жарыстарда да жерлестеріміз жасындай жарқырап жүр. Соның айқын дәлелі ретінде жақында ғана Польшаның Вроцлав қаласында ауыр атлетикадан жастар арасында өткен әлем чемпионатында топ жарған Надежда Ногайды айта аламыз.
Надежда Ногай білікті бапкер Лазарь Донның тәрбиесі мен ақылының арқасында үлкен спортқа қадам басқан спортшылардың бірі. Басында зілтемірді серік етіп кетемін деп ойламаған жас талант уақыт өте жаттығулардан қалмайтын болған. Бұл туралы спортшының өзі бір сұхбатында айта кеткен де болатын. «Басында әуелі зілтемірдің не екенін де білмедім. Лазарь Николаевичпен апам таныс болатын. Үйге бір келгенінде сол кісі апамнан мені ауыр атлетикаға беруін сұраған. Алайда, әжем «кішкентай ғой, оның үстіне қыз бала» деп мені жібере қойғысы келген жоқ. Алғашында жаттығу залына қолым бос уақыттарда қалай болар екен деп қана барып жүрдім. Сөйтіп, біраз уақыт өткен соң зілтемірге деген қызығушылығым ояна бастады. Бұл спорт түрімен айналысқым келмей кеткен кездер де болды, алайда біршама уақыт өткен соң сағынып қайта оралатынмын. Міне, ақыр аяғы зілтемірге деген құштарлық барлық кедергіні жеңіп, қазір ауыр атлетика өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды», - деген-ді.
Қазақ спортының жас таланты 1996 жылдың 20 мамырында дүниеге келген. «Қаратал ауданы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» түлегі 2011 жылы Перу астанасы Лимада өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. Ал араға жарты айдай уақыт сала Малайзияда 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында тағы теңдессіз спортшы болып танылды. Тіпті, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шарықтатар спортшының бірі болар деген үміт те артылған. Әлемдік, республикалық бәсекелерде оза шауып жүрген Надежданың жоғары нәтижелерін байқаған ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни: «Мен көптеген талантты спортшымен жұмыс істегенмін, бірақ, дәл Надя секілді мықты атлетті әлі көргенім жоқ. Оны тек Илья Ильинмен қатар қояр едім», – деген еді. Бірақ, жалындаған жасты жарақаты жолынан қақты...
Надежда Ногай Вроцлавтағы нәтижесін қоса есептегенде бес рет жастар мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. Польшаға дейінгі додаларда жарақатына байланысты жоғарғы нәтиже көрсете алмаған кездері де болды. Ауыр жарақаттан кейін Надежданы үлкен спорттан қол үзді деп ойлағандар да бар. Бірақ жеңіс тұғырынан қазақ елінің абыройын асқақтатуды армандаған қыз өз үмітін үзген жоқ. Ауыр кезеңде бас бапкері Лазарь Донмен арадағы қарым-қатынас үзілгенін білсе де, сыр білдірмеді. Кейіннен спортшы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінен қолдау тауып, жарақатын емдетті. Бұл туралы спортшының өзі: «Спортшы жарақат алғанда бапкерінен қол үзбейді. Мұны бұрынғы бапкерім (Лазарь Дон) білмейді емес, біледі. Иә, ол туралы ештеңе демегенім жөн болар. Мен қазіргі бапкерім Александр Иванович Мельниковке алғысымды білдіремін. Ол ОҚО әкімшілігінен маған арнайы жалақы бөлдіріп, спортқа қайта орала алатыныма зор сенім білдірді. Вроцлавта жеңіс тұғырынан көрініп, Әнұран орындалғанда ғаламат сезімде болдым», - деді.
Надежда Ногайдың үлкен спортқа орала алмаймын ба деп түңілген кездері де болған екен. «Басында арқам бүгілмей ауырды. Кейіннен шынтағым «сусымалы» болып қалды. Тізем мен қолымды (білезік) жарақаттап алдым. Бірін емдетсем, екіншісі ауырып, мұрша бермеді. Сондай сәттерде спорттың маған ауылы алыс көрінетін», - дейді спортшы бір сұхбатында.
Жас талантқа ауыр кезеңде ақылын айтып, жебеген спортшылардың бірі – Илья Ильин болды. Надежданың өзі де Сыр өңірінің саңлағын үлкен спорттағы құрметтейтін тұлғасы ретінде бағалайды. «Мен Ильяны бала кезімнен кумирім ретінде бағалаймын. Онымен Анатолий Храпатый турнирінде жолығып, ақыл-кеңесімді сұрадым. Ол кезде маған дәрігерлер жарақаттан емделгеннен кейін, спортқа орала алмайтыным туралы айтқан болатын. Ал Илья мені жұбатып, ойдағыдай емделіп спортқа оралуымды өтінді. Оның сөзі мені қанаттандырды», - деді.
Қазіргі таңда Надежда Ногай 75 келіден жоғары салмақта бақ сынап жүр. Вроцлавтағы додада ол қоссайыс қорытындысы бойынша 275 келіні бағындырды. Екінші орын алған тай спортшысы Дуанганксорн Чаидиден 16 келі артық көтерді. Енді спортшының арманы - ересектер арасында додаларға қатысып, жеңімпаз атану. Оның қатарында 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасы да бар. «Менің арманым – Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қазақ елінің абыройын асқақтату. Қазір нағыз бабымда болмасам да, бұл додаға бару үшін барымды салатын боламын. Мұны адал ниет пен шын жүректен айтып тұрмын».
Надежда Ногай Шымкентте үлкен жарыстарға дайындығын шыңдап жүр. Қазіргі таңда жас спортшының әлемдік аренадағы рекордтық көрсеткіші қоссайыс қорытындысы бойынша – 275 келі. Мұны спортшы Вроцлавтан оралғаннан кейінгі сұхбаттарында ең жоғарғы көрсеткіші емес екенін айта кетті. «Мен жаттығу кезінде 300 келіге дейін бағындыра аламын. Көбіне бабымда жүргенде бұл нәтижеден төмен түскен емеспін. Бірақ, білсеңіздер барлық спортшы жаттығу кезіндегі нәтижесін жарыста көрсете алмайды», - деді.
Бүгінде Қазақстан құрамасында 75 келіден жоғары салмақта Мария Грабовецкая мен осы Надежда Ногай бар. Надежда жасөспірімдер деңгейінде барлық асуды бағындырды, бірақ ересектер деңгейінде жарақаты кедергі жасап жүргені анық, көріне алмай жүр. Инчхонда өткен Азия ойындарында Мария Грабовецкая 302 келімен (141+161) қытайлық Жоу Лулуды (142+192=334) алға жіберіп күміс жүлдегер атанды. Ал Алматыда өткен әлем біріншілігінде ресейлік Татьяна Каширина барлық әлемдік рекордты жаңартты (155+193=348). Енді Хьюстондағы әлем чемпионатына қатысушы отандасымыз 300 келіден төмен нәтиже көрсетпеуі тиіс. Ал бұл межені бағындыру үшін Надежда Ногай барынша еңбектеніп, өзін тағы бір танытуға бел буып отыр.
Үлкен спорттан үмітін үзбеген Надеждадан қазақстандық жанкүйерлер де толағай жеңістер күтеді. Ал спортшының өзі болса Риодағы Олимпиадада қазақ елінің көк Туын биікке көтеріп, Әнұранын шарықтатқанын армандайды: «Мен әлемнің көптеген қаласында болдым. Бірақ бірде-бір рет Рио-де-Жанейроға жолым түспепті. Барсам, мен ол жаққа тек жеңіс үшін барамын. Сол жолда тер төгемін».
Біз де "арманыңа жет, Надежда!" дейміз.