- Негізгі бет
- Беткеұстар
- Етікші қыз...
Етікші қыз
Етікшілік – екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп. Соның ішінде бұл кәсіпке нәзік жандылардың ден қоюы да сирек. Алайда, көңілің қалаған кәсіпке ешкім де кедергі бола алмайтыны және бар. Таңның атысы, күннің батысы біз бен тебенді, балға-шегені жанына серік еткен нәзік жан Жанна Құрманғалиева етікшілікті шеберлік пен аса ыждағаттылықты, төзімділікті, нағыз еңбекті қажет ететін кәсіп деп есептейді.
Оның етікші мамандығын игергеніне 15 жылдан астам уақыт болды. Әдетте, ер азаматтар ғана шұғылданатын бұл кәсіпті меңгерген етікші қыз «Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты әкімшілік-шаруашылық бөліміне қарасты аяқ киім жөндеу шеберханасында еңбек етіп келеді. «Ерінбеген етікші болады» деген қағиданы басты назарда ұстаған Жанна етікшілік кәсіптің қыр-сырын жақсы меңгеріп, әбден машықтанған жан. Зауыттың аяқ киім жөндеу шеберханасы болғандықтан маусымға байланысты қыс мезгілінде жұмысшылардың байпақтарын ретке келтіру, жаз, күз айларында етіктерге табан жапсырып, жамап, желімдеп жөндейді.
– Біз әулетімізбен етікшілікті кәсіп етіп келеміз. Менің осы кәсіпті меңгеруге ағаларымның ықпалы зор болды. Ағаларым Шымболат, Ислам етікшілік кәсібінің майын ішіп, жілігін шаққан өз ісінің шеберлері. Ал Шымболат ағамның етікшілік кәсіпті дөңгелетіп келе жатқанына 20 жыл болып қалды. Жеке шеберханасы бар. Солардың ізін жалғастырып, бар өмірімді осы кәсіпке арнап, нәсібімді тауып жүрмін. Оған еш өкінбеймін. Керісінше, екінің бірінің қолынан келе бермейтін тиянақтылықты, шеберлікті, шыдамдылықты талап ететін осы мамандықты игергенімді мақтан тұтамын. Мен алғаш рет Шымболат ағамның аяқ киім жөндеу шеберханасында еңбек етіп, осы салаға машықтандым. Қаламыздағы электриктер дайындайтын колледждің түлегімін. Мамандығым электр монтері бола тұрса да етікшілікті таңдадым. 15 жылдық іс-тәжірибемде жөнделген аяқ киімдерге сын айтып, реніш білдірген тұтынушы болған емес. Керісінше, алғыс айтып кететіндердің қатары көп. Сондықтан да елдің ықыласына бөлену мен үшін бір ғанибет, – дейді етікші қыз Жанна.
Етікшілердің еңбегі шынымен де бағалауға тұрарлық. Өйткені, аяқ киім жөндеу шеберханасына бір кіріп шыққанның өзінде аяқ киімдерден шығатын және жапсырманың жағымсыз иістері адамға жайсыздық туғызатыны белгілі. Осындай жайсыздыққа қарамастан нәпақасын тауып, тұтынушылардың көңілінен шығып отырған етікшінің еңбегі шынымен бағалауға тұрарлық. Өз кәсібінің шебері әрдайым шеберханаға келген зауыттықтарды жылы шыраймен қарсы алып, көңілін табуға тырысады. Әріптестері де Жаннаның осы қасиеттеріне және өз кәсібін жетік білетініне сүйсіне қарайды. «Біздің етікші қыз Жанна» деп еркелетіп, мақтан тұтады.
Автор: Сатыбалды Сәуірбай
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"
Y. Almabek