Әне-міне дегенше халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің салтанатты ашылуына да санаулы күндер қалды. Ресми дерек бойынша, көрме аясында әртүрлі форматта 7 мыңнан астам мәдени шара өтпек. Қытайда түсіріліп жатқан «Абайдың балалық шағы» атты көпсериялы анимациялық фильмі де халықаралық көрме кезінде көпшілікке ұсынылмақшы.
Қытайдың Үрімжі қаласындағы «Абай жолы» компаниясы түсіріп жатқан «Абайдың балалық шағы» атты 3D көпсериялы анимациялық фильмі Абай әлемі аясындағы ізденістердің кеңге қанат жайып келе жатқандығын аңғартады.
– Қазір төрт серияның түсірілім жұмыстары сәтті аяқталды. Үгіт-насихат есебіндегі алғашқы сериясының ұзақтығы 15 минут, кейінгі сериялары 13 минуттан тұрады. Фильмнің 26 сериясын бір жыл көлемінде түсіріп бітіруге тиіспіз. Жұмыс сәтті болып, телеаналардан көрсете алсақ, толықметражды мультфильм ету ойымызда бар, – дейді компания директоры, әрі мультфильм режиссері Ғұсман Қажытай.
Мультфильм сюжетінде Абай образы халық ұғымына ортақ ақылды, зерек, қазақтың қара домалақ баласы ретінде бейнеленген. Бірақ фильм режиссері «бұл Абай бейнесінің түбегейлі образдық шешімі емес» деп отыр. – Бала Абайдың бітім-болмысын, бейнесін суреттеуде ұзақ ойландық. Біз жалпы қазақ көңілінен, әлем көңілінен шығатын образдық нұсқаны жасағымыз келеді. Сондықтан бала Абайдың бейнесін толықтыру мақсатында болашақта өзгерістер енгізуіміз мүмкін, – деген ол бас персонаж бейнесіне қатысты ел арасынан ұсыныс, сын-пікірлер болса ғанибет дейді.
Мифтік аңыз-әңгімелерді арқау ете отырып, Абай дүниеге келер шақтағы ақ пен қараның айқасы көрсетіледі, сонымен бірге Абыз, Мыстан сияқты дәстүрлі ертегі кейіпкерлері де назардан тыс қалмаған. Қазақтың бала тәрбиесіндегі өнегесі, жан-жануарлар әлеміне құрмет көрсету тәрізді ізгілікке шақырады. Абайдың туған-туысқаныңа, дос-жараныңа ғана емес, тіпті «дұшпаныңа да әділ бол» деген гуманистік идеясы енді анимация тілінде сөйлейді.
– Сценарийді жазуда Қазақстанның, Қытайдың тәжірибелі мамандарымен бірлесіп жұмыс істедік. Абай образын бейнелеуде дүниеге келген кезі, апыл-тапыл қаз басқан шағы, 7-8 жасар бала Абайдың әжесі мен анасының ақылы арқылы қиыншылықты еңсеруі сияқты көріністерді қамтыдық. Одан бөлек Абай туған ауылды суреттеумен ғана шектелмей, қазақ атырабының көз тартар көркем жерлерін бейнелеуді мақсат еттік. Фильмде қазақ даласының әр алуан табиғаты көрінеді, – деген Ғұсман Қажытай осы арқылы Қазақстанға туристерді тартуға болатынын да айтады.
Мультфильмнің түсіру жұмыстарына Қытайдағы «Аз ұлттардың мәдениетін қорғау және қолдау» саясаты аясында мемлекет қаржылай көмектескен көрінеді. – Жақында Қытайдың CCTV телеарнасының жаңалықтары біздің компанияның жұмысы туралы 5 минуттық хабар жасады. Онда «Абай – қазақ халқының Конфуцийі» деп таныстырылды. Бұл – үлкен мойындау, әрі біздің шағын компаниямыз үшін жетістік. Әзірге демеуші іздемедік. Алдымен сапалы анимациялық фильмді түсіре алатынымызды дәлелдегіміз келеді. Мультфильмнің алғашқы серияларын ЭКСПО кезінде Қазақстандағы телеарналардан көрсетсек деген ниетіміз бар. Бұл біздің халықаралық көрмеге дайындаған үлкен сыйымыз болар еді, – дейді компания директоры. Ұлы Абайдың балалық шағы халық фольклоры негізінде суреттелуі шығарманың ішкі өрнегін байыта түспек. Осылайша, Қытайдағы қандастарымыз бала Абайдың өскен ортасын бүгінгі жас ұрпаққа мультипликациялық фильм арқылы көркем түрде жеткізіп, балдырғандарды Абай тәліміне баулымақшы.