- Негізгі бет
- Беткеұстар
- Бес рет жараланса...
Бес рет жараланса да...
Адам жаны сірі-ау, өзі. Айтары жоқ, бәріне де шыдаған. Қайғы-қасіретті де жеңген. Мақсұт Бекниязов есімді көкеміз кешегі Ұлы Отан соғысында бес рет, иә бес рет жарақат алған. Жеңілі де, ауыры да бар. Госпитальдан берілген анықтамаларды оқығанда денең түршігеді. Сөйте тұра, аз-кем күн емделіп шығып, қанды шайқасты жорыққа қайта қосылып кете барған…
Қалай, ә? Ол 1914 жылы, ақжал толқынды Арал теңізінің ортасындағы Көзжетпес аралында жарық дүние есігін ашады. Бұл аймақ шынында көз жетпейтіндей жер еді-ау. Жағалаудан қарағанда ұшқан құстан басқа ештеңе көзге түспейтін-ді. Айнала көлкіген су. Қатынас жолы ескекті қайық ғана. Осындағы жетіжылдық мектепті бітірген 1930 жылы-ақ Мақсұт аға 16 жасында Қазалы ауданына қарасты «Үлгі бол» серіктестігіне мүше болып қабылданады. Ал 1934 жылы Қостанай қаласындағы үш айлық курсты тәмамдап келіп, өзі туып-өскен жері Көзжетпесте ауылдық кеңестің хатшылығы қызметін атқарады. Осы арадан 1942 жылы соғысқа аттанады.
Әуелі 1018-атқыштар полкінде, аз уақыт курсант болып жүріп, соғыс қаруының нешеме түрін қалай қолдануды үйренеді. І, ІІ Беларусь майданында, Брянск бағытындағы шайқастарда 1943 жылы екі рет, 1944 жылы екі рет, ал 1945-тің ақпанында ауыр жарақаттанады. Әйтсе де, соғысқа қайта кіріп 175-атқыштар дивизиясының 278-ші полкінде взвод командирі және орынбасары кезіндегі ерліктері марапаттау қағаздарында толық келтірілген.
«Ерлігі үшін» медалінің анықтамасында үшінші батальонының бөлімше командирі, аға сержант Мақсұт Бекниязов Ковель қаласы үшін ұрыста бір өзі гранатамен немістің 10 солдатын жойды десе, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін алардағы марапатында 1944 жылдың 20 наурызында Кулька деревнясында болған шайқаста Бекниязовтың бөлімшесі жаудың траншеясына бірінші болып кіріп, гранатамен пулеметтің даусын өшіріп өзгелерге жол ашқан делінген. Ал 1944 жылдың 18 шілдесінде Волынск облысындағы Смедынь деревнясында мина төселген аумақтан есен-сау өтіп, жаудың отты нүктесі мен станокты пулеметін жойып жіберді дейді. «Қызыл жұлдыз» орденінің марапат парағында: «1945 жылдың 14-24 қаңтары аралығындағы шабуылда Бекниязовтың взводы жауапты учаскеде тұрып 6 немісті оққа байлап, 4-уін қолға түсірді. Осы жылдың 25 қаңтарында біздің армияның орын ауыстыруы мен алға жылжу жоспарын білмек болған неміс полковнигін тұтқынға алды. Одан командование аса маңызды ақпаратты білді», депті.
Сондай-ақ, Мақсұт Бекниязовтың омырауында «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» және басқа да жауынгерлік медальдары баршылық еді. Елге оралысымен Қаратерең ауылдық кеңесінде хатшы, кірпіш зауытының директоры, Октябрь ауылдық кеңесінің және Беларық колхозының төрағасы қызметтерін абыройлы атқарып, кейін Құланды жылқы зауытында шаруашылық жұмыста жүріп зейнеткерлікке шықты. Ағамыз өз отбасының да, жалпы ауылдың да айбар тұтар, ақыл сұрар ағасы-тын. Одан тараған ұрпақтар, немере-шөберелері осы күндері тәуелсіз Қазақ елінің түпкір-түкпірінде әр салада игілікті еңбек етуде. Кешегі Отанға қауіп төнген тұста елді, жерді қорғауда, әлденеше рет жарақат алса да өжеттік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен батыр бейнесі еш уақытта ұмытылмақ емес. Ондай ел қорғаған ерлерге тікемізден тік тұрып тағзым етеміз!
Шәкірат Дәрмағамбетұлы,
дербес зейнеткер
etjendi.egemen.kz