- Негізгі бет
- Беткеұстар
- Балаларды құтқару үшін...
Балаларды құтқару үшін өмірін қиған сарбаздар
Алматы қаласындағы Достық даңғылы мен Қазыбек би көшелерінің қиылысында ары-бері өткен адам аса байқамайтын бір тас бар. Бүгінде ол тастың пайда болуына не әсер еткенін көп жұрт біле бермейді. Таста: "Бұл жерде 1968 жылдың 19 маусымында балалардың өмірін құтқарамыз деп Орта Азия әскери округінің жауынгерлері 1948 жылы дүниеге келген қатардағы сарбаз Ю.Директорчук пен 1946 жылы дүниеге келген қатардағы сарбаз А.Духович қаза болды" деген сөздер орыс тілінде қашалып жазылған. Бүгін біз сіздерге айтылған екі сарбаз қандай оқиғаға тап болғанын және олар қандай ерлік жасағанын баяндап бермекпіз.
1968 жылдың 19 маусымы, сәрсенбі болатын. Жиырма жастағы Қостанай облысының тумасы Юрий Директорчук пен одан екі жас үлкен Шығыс Қазақстандық Анатолий Духович бұл күні өздерінің әдеттегі жұмыстарын атқарып, құрылыс орындарына ЗИЛ маркалы көлікпен жанармай тасымалдауға шыққан. Кезекті нүктеге жанармай апарғаннан кейін олар жоспарға сай сол кезде Ленин аталған (қазіргі Достық даңғылы) көшемен солтүстікті бетке ала бұрылған. Осы сәтте көліктің моторы өшіп, тежегіші істен шыққан. Алматы көшелері оңтүстіктен теріскейге қарай ылдилай береді. Сол себепті де жанармай толы цистернасы бар ауыр машина тоқтамай, керісінше, жүрген сайын жылдамдығын арттыра түскен. Жолай шыққан адамдардың өміріне қауіп төнгендіктен Духович терезеден шығып, гимнастеркасын көкке көтере бұлғап: "Абайлаңдар! Машинаның тежегіші істен шықты! Шетке тұрыңдар!" деп айғайлаумен болды. Ал рөлді басқарып отырған Директорчук алдынан кезіккен көліктерді айнала өтіп, ешкімге зақым тигізбеуге тырысып бақты. Сол кезде оқиғаны сырттай бақылаған куәгерлердің айтуынша, жанармай тиеген көлікті көлденең жатқан көшенің біріне немесе жол жиегіне бұрып жіберу мүмкіндігі бар еді, алайда бұл жағдайда басқа адамдардың өміріне қауіп төнетіні анық болатын.
Сарбаздар осы жайтты ескерді ме, әлде басқа жоспарлары болды ма – белгісіз. Белгілсі, көлік ешқайда бұрылмай, уақыт өткен сайын жылдамдығы арта түсіп, тек алға жүре берді. Ленин көшесі Советский көшесімен (қазіргі Қазыбек би көшесі) қиылысар тұста бітеді. Одан ары қарай 28 Панфиловшылар паркі басталады. Қазір биік болып тұрған ағаштар ол кезде әлі жас тал еді.
Кейінгі болжамдар бойынша, Директорчук пен Духович көлікті осы талдарға әкеп соғуды ойласа керек. Тежегіш істен шыққанымен, жағдайды басқарып келе жатқан екеудің ойы жүзеге асуға сәл-ақ қалған. Алайда, сол сәтте оң жақтан іші адамға толы автобус пен жол жиегінде паркті бетке алған бір топ бала шыға келеді. Оларға он метр қалғанда шұғыл шешім қабылдаған жиырма жасар жүргізуші рөлді солға бұрып, көлік қиылыста тұрған терекке барып соғылады. Демде от шығып, сарбаздар сыртқа шығып үлгермейді. Осылайша ұзақ жолды тежегішсіз жүріп өтіп, мәселені шешудің соңғы мүмкіндігін пайдалануға аз қалғанда Директорчук пен Духович балалар мен автобустағы адамдардың өмірін құтқарамыз деп, өз өмірлерін қиды. Олар Отан алдындағы борышын майданда емес, өз ерлігімен замандастарына рух, болашақ ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру арқылы өтеді. Елдің айтуынша, сарбаздарды жерлеу рәсіміне халық көп жиналған. Ал, олардың ерлігі аңыз болып, сол кезде КСРО құрамында болған барлық мемлекетке таралған екен.
Y. Almabek