Асқар Жұмаділдаевтың айтқандары

Асқар Жұмаділдаевтың айтқандары

Бүгін физика-математика ғылымдарының докто­ры, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғы­лым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаевтың туған күні. Бүгін ағамыз 59 жасқа келіп отыр. Осыған орай Асқар Жұмаділдаевтың қазақ журналистеріне берген сұхбаттарында айтқан ой саларлық сөздерін жинақтауды жөн санадық.

***

Қазақ деген халықтың бір ерекшелігі бар. Ол – бөспелік. 

***

Ылғи да ақыл бірінші орында, жүрек екінші орында жүреді. ...Мәселен, сиырда да ақыл бар. Сиырда да жүрек бар. Оның жүрегі адамның жүрегінен екі есе үлкен. Неге сиыр өлең жазбайды, неге есеп шығара алмайды? Өйткені әңгімені шешетін жүрек емес, ақыл. 

***

Біздікілер (студенттер - ред.) қулық жолымен қисық жағына кетіп қалуға тырысып бағады. Неге олай екенін түсінбедім. Қоғамның өзі сондай ма деп қалдым. Өйткені, қисық жаққа ұмтылып тұрады. Мәселені басқа жағынан айналып, төтесінен жол табуға тырысады.

***

Біз оқуды ойыншыққа айналдырып жібердік, ғылымды да.

***

Әдебиет пен ғылымның айырмашылығы неде? Әдебиетте бәрі түсінікті, ғылымда бәрі түсініксіз. Әдебиетті бүкіл халыққа жазады. Ғылымды бірлі-жарым адамға арнап жазады. Менің еңбегімді Қазақстанда түсінетін бір-екі-ақ адам болуы мүмкін. Ал әдебиетті жұрттың бәрі түсінеді. Түсінбейтін адам болмайды.

***

Еврей баласына: «Сен ақылдысың, сен білімдісің», - дейді. Оны спортқа береді, ғылымға үйретеді, музыкаға әуестендіреді. Бәрін болмағанмен, әйтеуір, бірін үйреніп шығар деген оймен осылай тәрбиелейді. 

***

Тәрбиені сөзбен де, іспен де жеткізу керек.

***

Мен мүмкіндігінше, қарапайым тірлік қылуға тырысамын. Еңбек қыл, ғылымыңды жаса, балаңды бақ. Жұмысыңды адал істе.

***

Біздегі өнертабыс деп жүргеніміздің 90 пайызы – бос сөз.

***

Қазақтың өзге халықтан асып кетіп бара жатқан ештеңесі жоқ, бірақ кеміп бара жатқан да ештеңесі жоқ. Бұл ара­дағы әңгіме бапта. Біз «қазақ көшпенді бол­ған, ат құлағында ойнаған, батырмыз, өрміз» деп көп мақтанамыз. Бұл – жай бөспелік. Әйтпесе қазір әлемдік ат жарыстан неге қазақ баласы чемпион атанбайды? 

***

Республикалық физика-мате­матика мектебіндегі оқыту әдісі – баяғы Ке­ңес Одағынан келе жатқаны, мұнда еш­қандай өзгеріс болған жоқ. Өкінішке қарай, соңғы кездері біз анда-мұнда көп еліктеп кеттік. Мұндай далақтау бұл жерде жүр­мейді. Халықаралық білім додаларында оза­тындар кімдер десеңіз, баяғы Кеңестің, орыстың әдісімен дайындалғандар. Бар өмірімнің барысында бұдан басқа керемет әдісті кез­дестірген де, көрген де емеспін. 

***

Жалпы, билік ету, бастық болу аса білімді қажет етпейді. Оған осы мектептің «троеч­никтері» де жарай береді. Бұл арада мықты­лары – ғалымдары.

***

Тәуірлермен жүздескендер,
Тәуір-тәуір түс көреді. 
Білетінмен із кескендер, 
Қан сонарлы іс көреді.

***

Егер Әлия Молдағұлова батыр атағын алмаса, оны қазақ деп біреу іздер ме еді? Ертең біреу шетелде жүріп мықты жаңалық ашса, оны біздікі деп меншіктеп шыға келеміз. Ол кезде оның қазақша білетін-білмейтіндігінде шатағымыз болмайды.

***

Кейбіреулер жекеменшікте (білім ордаларында – ред.) білім жоқ, бәленбай-түгенбай деп жатады. Бұл – қате пікір. Мемлекеттік университеттердің қаты­рып жатқанын байқамадым. Рас, олардың аты бар, тарихы бар. Басқа несі бар?

Материалды дайындауда bmtv.kz, abai.kzbaq.kz сайттарынан алынған мақалалар пайдаланылды.

Е. Қайрахан