Көкшетау қаласында Ақмола облысы бойынша «Bala Turkvizyon-Қазақстан» байқауының жартылай финалисі анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі байқау баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Bala Turkvizyon» халықаралық балалар әні байқауының Қазақстан бойынша үлкен саяхаты 12 өңірді артқа қалдырып, Ақмола облысында жалғасын тапты. Қазақстандық дарынды әрі әнші балаларға қолдау көрсететін Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаева мен оның «Жандану әлемі» қорының бастамасымен өткізіліп жатқан «Bala Turkvizyon-Қазақстан» байқауы еліміздің кішкентай тұрғындарына арнап қазақ тіліндегі жаңа 16 әнді жарыққа шығарып, оларды насихаттайды.
Кезекті аймақтық іріктеу Көкшетау қаласында, Ақмола облыстық филармониясында өтті. Байқау дәстүрі бойынша, ресми тіркелуден кейін қатысушыларды ойындар, флешмобтар күтіп тұрды, ең бастысы - олар қазылар алқасының төрағасы, аймақ тәлімгері Кенталмен танысты. Жеңімпаздың болашақ тәлімгері әрі продюсері Кенталға ең үздік орындаушыны анықтауға танымал әнші әрі композитор Медеу Арынбаев пен Кенжебек Жанәбілов көмекке келді. Қатысушылар мен олардың жақындарына арнап Кентал «Халқым» атты хит әнін орындады. Залдағы көрермен «Бірлік болсын әлемде, бірлік болсын елімізде!» деп бірге қосылды.
Бұл іріктеу, бұрынғы іріктеуден өзгерек болды. Өйткені облыстың әр аймағынан әртүрлі музыкалық топ жиналды. «Presto» музыкалық студиясы Степногорск қаласынан келді. Студия жетекшісі Серік Байдилдаев төрт әнші шәкіртін алып келді: Әділбек, Нұрислам, Аида мен Арайлым. «Біздің студияның жұмыс істегеніне бір жыл болып қалды. Біз аз уақыттың ішінде көптеген байқауларды бағындырып үлгердік. Балалар өте дарынды. Мен олардың бірі жеңіске жететініне сенемін. Біздің мақсатымыз – ары қарай дарынды балаларды таныту, оларды «Bala Turkvizyon» сияқты байқауларға дайындау. Байқау әрбір қатысушыға күш беріп, тәжірибе жинауға көмектеседі. Ол нағыз жаңалық, бастама», - дейді Серік Байдилдаев.
Атбасардан келген халықтық вокал студиясының мүшелері топтарына «Айдана» атауын өздері таңдаған екен. Топта төрт қыз және бір ұл бала бар. Топ жетекшісі Светлана Клименко: «Біздің оқушыларымыз көбінесе балаларға арналған әндерді орындайды. Біз әрқашан ерекше әндерді орындауға тырысамыз. Мысалы, қазақ халық әндерін эстрадалық бағытта өңдеуді қолға алдық. Балаларға өте ұнайды. Біз бұл байқауға арнап жаңа балалар әні жарыққа шығатынын естіп, қуанып отырмыз. Болашақта сол әндерді орындайтын боламыз!» - деді.
Қазылар алқасы кішкентай қатысушылар ішінен жеңімпаз деп Ақмола облысы Шортанды кентінің тұрғыны Айман Аманды таныды. Байқауға қатысуға Айман мен екі өнерпазды Шортанды ауданының мәдениет пен тілдер дамыту бөлімінің қызметкері Нұрайым Әділбек апайлары арнайы алып келіпті. Айман көп балалы үйден шыққан. Кішкентай інісі мен төрт сіңлісі бар. Қатысушы қазылар алқасын қазақ, орыс, француз тілдеріндегі вокалдық дайындығымен таңқалдырды. Барлығы өнерпаздың арнайы музыкалық білімінің жоқ екендігіне таң қалып, тума дарын иесі екендігіне көз жеткізді. Ол үш жасынан ән айтады, үлкен сахнаға шығуды және актриса болуды армандайды. Бос уақытында волейбол, баскетбол ойнап, би билеп, сурет салғанды ұнатады. Айман өте көңілді қыз, көбінесе өмірге құштарлықты оятатын әндерді тыңдайды. Мәдина Сәдуақасова, Қарақат Әбілдина және «КешYou» тобын үлгі тұтады. Тамыз айының ортасында Айман Аман басқа қатысушылармен бірге «Жұлдызды үйге» орналасады. Тәлімгері Кенталмен бірге Ұлттық іріктеудің жартылай финалына қазақ тіліндегі жаңа ән дайындайды.
16-17 қыркүйекте Астана қаласында кәсіби қазылар алқасы мен көрермендер «BalaTurkvizyon» байқауының Стамбул қаласында өтетін Гранд-финалында еліміздің намысын қорғайтын жеңімпазды анықтайды.