- Негізгі бет
- Беткеұстар
- 21 жасында қаза...
21 жасында қаза болған Қайрат – ХХІ ғасыр қазақтарының мақтанышы
Тарих – ұрпақтан ұрпаққа аманат болып қалатын қасиетті ұғым. Тұтас ұлттың тамырындағы өткені мен кеткенін жаңылмай жадында сақтайтын, көргені мен естігенін болашаққа жеткізу барысында бұрмаланып та кететін құпиялар мен сырлардың дастаны. Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет атануына тікелей түрткі болған желтоқсан оқиғасы тарих толқынында алтын әріптермен таңбаланып қалды.
Отыз бір жыл бұрын Қазақстанның басшысы қазақ болуы тиіс деп алаңға шыққан жастар бүгінде орта жастан асқан аға буын өкілдеріне айналды. Сексен алтыда гулеген дауылдың салдарынан тоқсан бірде азаттықтың ашық аспаны көрінді. Сексен алтыдағы ерлердің аяусыздықпен жазаланғанын естіп, еңкілдеп жылаған халық тоқсан бірде Тәуелсіз ел болды. Қазақтың болашағын ойлап, бойдағы қазақы қаны тулаған боздақтар ел ертеңі үшін өз өмірлерін бәйгеге тігіп, қаншама жастар бұл жалғаннан ерте озды. Қазақстанды бұл елден мүлде хабары жоқ шетелдік басшыға басқартпауды талап еткен жастардың арман-тілегі сол кезде ескерілмесе де, уақыт өте бұл қозғалыс тұтас бір империяның тарқауына әкеп соқты.
Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының өте өжет, намысшыл екенін бүкіл одаққа дәлелдеген қозғалыс. Арада отыз бір жыл уақыт өтсе де, бұл батырлар бүгінде ел аузында. Отыз бір деген санның өзі қазақ халқының маңызды тарихи даталарымен байланысып жатыр. 1731 жылы саяси ойынның кесірінен орыс империясының қатарына еніп кеткен қазақтар бүгінде ол бодандықтан құтылып, тәуелсіздік әперген желтоқсанның отыз бір жылдығын атап өтіп жатыр. 1931 жылы қатар-қатар атылған алаш арыстарының өліміне жоқтау айтқан сол кездегі қараңғы қазақ бүгінде дамыған отыз елдің қатарына қосыламыз деп әлеммен бәсекелесуде. 1931 жылдары саяси мақсатпен қолдан жасалынған ашаршылықтан аман қалған қазақ бүгінде тоқшылықта өмір сүріп жатыр. Қасіретке толы отыз бір сияқты датаның жалғасына айналған бұл сексен алты, түбінде қазаққа тәуелсіздік әперді.
1986 жылы 16 желтоқсанда Мәскеуде өткен КОКП ОК V пленумында Қазақстан Үкіметі басшысын қызметтен босату туралы шешім қабылданды. Хатшы Г.П.Разумовскийдің ұсынысымен іске асқан бұл шешім бойынша Д.А.Қонаевтың орнына Г.В.Колбин тағайындалды. Қазақ халқы жайлы мүлдем бейхабар грузиялық азамат бұл лауазымға дейін өз елінде республикалық партия ұйымының екінші хатшысы болған. Қазақстанда генерал-губернатор миссиясын атқаруға келген Колбин, орталық баспасөздің пікірінше ұлтаралық қатынастар мәселесін жақсы білетін білікті маман. Бұл жаңалықты естіген қазақстандық студенттер мен кәсіптерін енді бастаған жас жұмысшылар биліктегі бұл олқылықтың қабылдануына қарсы шықты. Осы жаңалықтан кейін Алматы қаласының барлық жоғарғы оқу орындарында атаулы мәселе турасында наразылықтарын білдіріп, 17 желтоқсан күні алаңға жиналды.
Желтоқсанға қатысқан жастардың төлқұжаттарына «бүлікші» деген таңба басылды. Олардың ата-аналары, туған-туыстары қудаланды. Оқиғадан соң барлық құжаттардың көзі жойылып, талай жастың өлімі жұмбақ күйінде қалды. Солардың бірі жалынды жас – Қайрат Рысқұлбеков еді. Қыршыннан қиылған қазақтың Қайраты 21 жыл ғана өмір сүрсе де, артынан өшпестей із қалдырып үлгерді. Өз заманында тепкі жесе де, ХХІ ғасыр қазақтарының мақтанышына айналған Қайраттың өмірі дәл осы 21 санымен тығыз байланысты.
А. Қажиев