10 жастағы оқушы EXPO көрмесіне арнап мобильді қосымша жасады

10 жастағы оқушы EXPO көрмесіне арнап мобильді қосымша жасады
Фото: Today.kz

Елордалық 10 жасар оқушы ЭКСПО-2017 үшін ұтқыр гид-қосымша әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «ЭКСПО-2017 көрмесі бүкіл әлемнен және Қазақстаннан көптеген туристің Астанаға келуін қамтамасыз етуі тиіс. Көрме қонақтары мен келушілеріне ыңғайлы болуы үшін «ЭКСПО-гид» ұтқыр қосымшасы әзірленді. Онда халықаралық көрмеге қатысушы елдердің павильондары геолокациямен көрсетілген. Қосымша көмегімен кез келген адам көрменің қай павильонына қалай бару қажеттігін біліп қана қоймай мейрамханалар, такси мен автобустар, анықтама бюросы қызмет түрлерін де ала алады. Айта кетерлігі, аталған қосымшаны Астананың 10 жасар оқушысы Аймен Нұржан жасап шығарды», - делінген Inventor Academy мектебі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Аймен кішкентай кезінен-ақ ІТ-технологиямен әуестенеді. Ол «Болашақ» президенттік бағдарламасы түлектерінің командасымен бірге қосымша авторы болып отыр. Оқушының атап өтуінше, қосымша көрме қонақтарына «ЭКСПО-2017» экстонаттарымен кеңінен танысуға мүмкіндік береді. «Кішкентай кезімнен адамдарға қол ұшын беретін өзіндік дүние жасағым келген еді. Елімізде ЭКСПО-2017 сынды ауқымды шара өтетіндігін білгеннен кейін оған қатысқым келді. Астанадағы бағдарлама жасау мектебіндегі ұстаздарым ЭКСПО-2017 үшін қосымша жасауға көмектесті. Ол осы жазба бізге қонаққа келетін барлық адамға пайдалы болады деп үміттенемін», - деді Аймен Нұржан.

Астанада Inventor Academy бағдарлама жасау мектебінің негізін қалаушылар Ойрат Азбергенов пен Жәнібек Исабековтің атап өтуінше, мұндай бағдарламаны кез келген бала жасай алады. Ең бастысы, ниет пен еңбексүйгіштік болса жеткілікті.

«Өкінішке орай қарапайым мектептерде оған аз көңіл бөлінеді. Өйткені, сыныпта бала саны көп. Бағдарлама жасау  адамның  қиялы мен идеяларын жүзеге асырудың бірегей құралы. Бұған қоса, адамды ойлауға үйрететін өте пайдалы дағды және ол болашақта балаға қажет болады», - деді Исабеков.

Дереккөз: inform.kz

Р. Роза