- Негізгі бет
- Бесқару
- Күллі жапон тарихын...
Күллі жапон тарихын жүзіне жиған алдаспан
Бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған атақты шебер Канезумидің туындысы – катана. Ол Мино дәстүрі Нара мектебінің өкілі әрі өте көне қылыштарды жасаған атақты шебер. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бұл өнер де оған әкесінен дарыпты. Бунан дәуірінің Муромати заманында (1449 жылға дейін) қылыш жасаған әкесі Канесада аталған Мино дәстүрінің өкілі болған.
Мына катана (қылыш) шамамен 1558-1570 жылдар аралығында жасалған. Қылышты көркемдеп тұрған ең негізгі элемент – өзіндік ерекшелігі бар толқынды хамон (қылыштағы өрнек).
Саку қаласында жасалған қылыштың жалпы ұзындығы – 67,3 см. Ескере кететін жайт, қылыш ұзындығы оның өткір жүзімен есептеледі. Яғни, сабының ұзындығы қосылмайды.
Тарих беттеріне көз жүгіртсек, Жапонияда ХVII ғасырға дейін жасалған қылыштар ең үздіктері болып саналады. Қылыштың жүзі "дзихада" деп аталады.
Канезуми катанасы ерекше толқынды өрнекке ие. Толқынды өрнектер жапон дәстүрі бойынша жымдасқан тау шыңдары мен көзделген жебені суреттейді.
Жапон қылыштарындағы толқынды хамон (өрнек) шындығында да аласалау жапон тауларын еске түсіреді.
Қаншама ғасырды артта қалдырған көне катана ең соңғы рет ХХ ғасырдың аяғында өңделген. Токио қаласы Камакура облысының атақты өңдеушісі бұл катананы жылтыратып, қайта жандандыруға бар күшін салады.
Тендзо дәуірінде жасалған қылыштардың элементтері Тендзо косирае деп аталған. Косирае – дәстүрлі жапон қылыштарыың өткір жүзінен басқа барлық элементі. Оған сабы, гарда (сүңгінің жетесіндегі тығырық), қынап, т.б. жатады.
Эдо заманында (1603-1867 ж.ж.) басқа катаналар секілді бұл катананың да косирае бөлшектерінің ескі қалпы мен стилін сақтай отыра жаңалаған.
Утсугатана бұл утсу – «соққы» және гатана (катана) – «қылыш» сөзінен құралған. Екі сөздің жұптасқандағы мағынасы «дұшпанға соққы жасауға арналған қылыш» дегенді білдіреді. Муромати кезеңінің тамыран нәр алған Утсугатана жапон қылыштары дамуының шырқау шегі болып есептеледі. Муромати кезеңі самурайлардың қылыштарының өткір жүзін жоғары көтеріп жүру дәстүрі етек ала бастаған заманмен тұспа-тұс келеді екен. Бір қызығы бұл тәсіл сонау Х ғасырдан бері үзілмей келе жатқан көне дәстүрге (қылыштың өткір жүзін төмен қаратып жүру) қарсы шығып, басым түскен.
Бұл жаңа тәсіл самурайларға (қылыштың өткір жүзін жоғары қаратып жүру) көзді-ашып жұмғанша қылышты қынабынан суырып алып, қарсыласқа 1 мезетте жай оғындай соққы жасауға мүмкіндік береді. Аталған тәсіл әсіресе, жақыннан ұрысу барысында өте тиімді болған. Дегенмен, самурайлар атқа мінгенде қылыштың өткір жүзін төмен қаратып жүрген екен. Оған төмендегі мына сурет дәлел бола алады.
Суретте ат үстіндегі самурайдың қынабынан қылышын суырып тұрған сәті бейнеленген. Бұл – суретші Утугава Йосиратаның туындысы. Эдо дәуірі. Міне, мұнда самурай қолындағы татидың (салт атты жауынгерлерге арналған ұзын қылыш) өткір жүзі төмен қарап тұр.
Қылыштың цукасы (жап. «сап, тұтқа») құм сағат формасында жасалып, лакталған, қара дәстүрлі мал терісімен (саекава) қапталған.
Катана хабакиі (қылыштың өткір жүзі бектіліетін металл түтік) жоғары сапалы жапон құймасынан жасалған. Құйманың 96% мыстан, 4% алтыннан тұрады.
Металдан жаслаған гардасында бамбук сабақтары бейнеленген. Бамбук – жапондарда ұзақ жасау мен денсаулықтың белгісі.
Фучиында (сабымен цубаның арасындағы жағасы) Тоётоми Хидэёси ден (1536/1537-1598 ж.ж.) тараған Тоётоми әулетінің таңбасы саналған павловния ағашының гүлі бейнеленген. Тоётоми Хидэёси – Сенгоку дәуірінің ірі феодалы, қарулы қолбасшысы, қоғам қайраткері. Осындай ел мен жерге жасаған ерен еңбегі үшін елі оның атына даймё (жап. «ұлы есім») сөзін қосып берген. Сондай, ақ, ол Жапонияны құрушы үш қоғам қайраткерінің бірі болып, Токугава Иэясу мен Ода Нобунага есімдерімен қатар аталады.
Даймё Тоётоми Хидэёси
Мына таңба - Жапонияның символына айналған екі патшалық таңбаның бірі.
Даймё Тоётоми әулетінің камоны (таңбасы)
Тоётоми Хидэёсидің дәрежесі жоғарылаған кезде осы патшалық таңбаны өз камонының (бір әулетке тиесілі таңба) символы етіп алады. Танымал әулеттің самурайлары өз қаруына, нақтырақ айтсақ, косирае элементтеріне әулеттік таңбасын енгізетін болған. Бұл катана сонау ХVI ғасырдың 80-жылдарынан бері Тоётоми әулетіне тиесілі.
Дегенмен, катананың Тоётоми Хидэёсидікі екені туралы нақты мәлімет жоқ. Әйткенмен де, қылыштың жасалған мерзімі мен оның өмір сүрген дәуірінің тұспа-тұс келуіне және бағасының өте қымбат екендігіне қарап бағамдауға болады. Тіпті, Тоётоми Хидэёсидің төл қару емес десеңіз де, сол заманда өмір сүрген Тоётоми әулетінің атақты самурайларының бірінікі екендігі анық.
Ұқсас жазбалар:
Атылған оқ нысананы өзі іздейді (Видео)
Е. Жұмабайұлы