Қазақ халқының батырлары ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ұлтарақтай жер үшін тұрысатын жерінде тұрысып, тіресетін жерінде тірескен. Бес қаруын асынып, күн демей, түн демей еліне аянбай тер төккен. Сол замандардағы қару-жарақ атауларының этимологиялық мағынасын білген абзал.
Жезайыр. Ертеде шойыннан құйылған, білтемен атылатын, оқпанын сүйеп қойып ататын мосысы бар, үлкен, алысқа ататын көне мылтықтың бір түрі жезайыр аталған. Бұл мылтықтың оқпанын түтек деп атаған, оны сайғақтың мүйізінен жасаған, мосағын тіреп қойып, білтесін тұтатып барып ататын болған.
Жезайыр – араб тілінен енген кірме сөз. Бұл сөз араб жауынгерлерінің шапқыншылығына байланысты қазақ, қырғыз, өзбек тілдеріне ерте кезде ауысқан. Арабтың жазайыл сөзі қазақ тілінің дыбыстық заңдарына бойсынып, жезайыр түрінде қалыптасқан. Жезайыр термині қазақтың қаһармандық эпостарында XV-XVI ғасырларда өмір сүрген Шалкиіз, Ақтамберді тәрізді ақын-жыраулар толғауларында кездеседі. Мысалы:
Шығыр-шығыр шираған,
Бадана көзді кіреуке,
Шарайнасы бес қабат,
Жау қарасы кетпеген,
Жезайырдың оғы өтпеген.
Кейбір әдеби шығармаларда жезайыр сөзінің "зеңбірек" мағынасында жұмсалатыны да кездеседі. Мысалы, Құйылғаннан бері қолдану таппаған, майы құрғап сыртын тот татпаған, майы құрғап сыртын тот шала бастаған оншақты жезайыр сыртқа шығарылды (М.Мағауин).
Қозыжауырын – төрт қырлы, темір масақты, тұлғасы қозының жауырынына ұқсас етіп жасалған, масағының ұшы қысқа, бірақ үшкір келген жауынгерлік оқтың бір түрі. Қозыжауырын оқтың басқа оқтардан айырмасы сол, негізі жауын жаралап аттан құлату үшін пайдаланған. Л.З. Будагов қозыжауырын оғына мынадай анықтама береді: "Стрела раздвоенным наконечником". Батырлар ұрыс кезінде қозыжауырын оқты пайдаланғанда тактикалық мақсаттарды шешкен, яғни қозыжауырын өлтіру үшін емес, оны аттан аударып түсіріп, оның атын олжалау немесе дұшпанның сырын білу мақсатымен, одан дерек алу сияқты мақсаттарды іске асырған. Бұл пікірді Ғұлама ғалым Ш.Уәлиханов та «Қозыжауырын оқты жауын аттан аударып түсіру үшін қолданылған» деп, жоғарыдағы пікірді нақтылай түседі. Кейбір қолбасшыларда, атақты батырларда масағын алтыннан ойған қозыжауырын жебелер болған. "Қозыжауырын" термині қаһармандық эпостарда жиі ұшырайды.
Мысалы: Атаңа нәлет қызыл бас,
Қорамсаққа қол салды,
Қол салғанда мол салды,
Қозыжауырын оқты алды. (Батырлар жыры).
Бердеңке. Ертеде қазақ арасында қолданылған, бытырамен бір атар мылтық болған. Бұл мылтық америкалық әскери инжинер Бердан конструкциясы бойынша жасалған. Осы кісінің құрметіне берданка деп атап кеткен. Қазақ тіліне аздаған дыбыстық өзгерістермен еніп, бердеңке түрінде ұшырайды.
Құлдыр мамай – қорғасын оқпен атылатын, тегіс ұңғылы, сүйеп қойып ататын мосысы бар, 500 қадам жердегі нысанаға дарытатын, білтелі мылтық. Бұл қарудың уәждемесі тарихта болған тұлға Мамай қолбасшының есімімен байланысты аталған болуы керек деген тарихи мәліметтер кездеседі. Бұл ескі мылтықты сарбаздар аттан түсіп киік мүйіз сирағын жерге тіреп барып ататын болған.