Қазақ халқының тіршілігіне тірек, өміріне өзек болған аңшылық пен саятшылықтың алатын орны ерекше. Халық тілінің дамуына сол халықтың кәсібі мен шаруашылығының әсері мол. Аңшылыққа қажеттіліктен, өзін ас-тағаммен қамтамасыз ету үшін аттанса, саятшылыққа әскери дайындық пен өнер қалыптастыру жолында барған.
Аңшылық пен саятшылық халық тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүріне етене енгені сонша – қасиетті жеті қазынаның өзі аңшылық өнерге құрылғанын байқаймыз.
Жүйрік ат – адамның қанаты,
Қыран бүркіт – жігіттің қуаты,
Құмай тазы – берік сенімі,
Берен мылтық – қаһарлы от,
Өткір кездік – сұсы,
Ау-жылым – әдіс-айласы,
Қандауыз қақпан – серті.
Осында сөз етіліп отырған жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, өткір кездік, ау-жылым, қандауыз қақпан кең дала төсінде аңшылық пен саятшылық құрған халқымыздың ғасырлар бойы қолданып келе жатқан тұрмыстық құрал атаулары.
Қазіргі қазақтілінің сөздік қорынан аңшылық пен саятшылыққа қолданылатын құрал атауларының сан жағынан мол екенін аңғаруға болады. Көшпелі тіршілікпен өмір сүрген халқымыздың саятшылықты дәстүрі күнкөрістің өзекті бір саласы, кейін әскери жаттығудың, шынығудың үлгісі болған. Өркениетке қол жеткізген бүгінгі таңда, дала төсінде ата-бабамыз сара жолын салып кеткен бұл дәстүр күні бүгінге дейін ұмыт болған жоқ.
Аңшылық пен саятшылыққа қатысты құрал-жабдықтардың саны 60-қа жетерлік. Олардың кейбірі қазір қолданыстан қалды. Халқымыздың аңшылыққа қолданған құрал-жабдықтарды жасалу ерекшелігі мен қолдану аясына қарай төрт топқа бөліп қарастыруға болады:
1. Ұрып-соғу, ату құралдары: мылтық, садақ, шоқпар, сойыл, қамшы, қанжар, атқы, сақпан, айбалта, қатыр, саржа, семсер, сембе, таяқ, сүңгіт.б.
2. Жүннен, матадан, қылдан жасалатындар: арқан, арқамшы, тор, ау, сүзужіп, шыжым, құсбау, бау (балақ бау, аяқ бау, шыжым бау, ірге бау/ бау/ желі бау) т.б.
3. Аң-құстарды үркіту үшін қолданылатындар: дабыл, сақпан, шың, дауылпаз, дудыға, қоңырау, т.б.
4. Арнайы жасалатын құрал-саймандар: қақпан, түтік, бүркіт құндақ, биялай, тұзақ, бүркіт балдақ/қолдық, аяққап, ырғақ, жезтұяқ/мыстұяқ, жем қалта, жемсауыт, тұғыр/құсағаш, томаға, құсқода, шырға, шәңгек, қанжыға, қыранүйі/талүйшік/құсхана, иыққап, таңдай ағаш т.б.
Халқымызға аңшылыққа пайдаланған құрал-жабдықтардың кейбіріне тоқтала кетейік.
Садақ – аңды атып алуға арналған жауынгерлік құрал. Ағаштан иіп жасалатын ертедегі атыс құралы.
Пышақ – кесуге, тілуге, турауға, мал союға арналған жүзі өткір, үшкір, сабы бар құрал. Күнделікті өмірде жиі қолданылатын пышақтың түрі көп: семсер, селебе, қанжар, ақинақ, құжанты, кездік, бұйда пышақ, от пышақ, бәкі, ұстара, қандауыр.
Арқан – мал, аң байлауға, жүкті түюге арналған жүннен не қылдан жасалған ұзын әрі жуан, жіп түріндегі шаруашылық құрал.
Шыжым – арқанға ұқсас, бірақ жіңішке етіп есілген мықты жіп.
Дауылпаз – аңды, жануарды, құсты үркітуге арналған саз аспабы.
Қақпан – аң аулау үшін темірден жасалған, шаппалы құрал. Қақпанның төрт түрі бар. Олар – орқақпан, құмқақпан, тасқақпан, темірқақпан.
Құсқақпан – құсбегілер түз тағысын ұстау үшін қолданатын қақпан түрі. Бүркітке арналған қақпан да түлкі, қарсақ, қоянға құрылатын қақпан сияқты бір серіппелі кішілеу болады.
Тасқақпан – ұсақ жануарларға арналған жерді қазып бітеу үйшік ретінде қалайтын қақпанның түрі.
Құмқақпан - түлкі, қарсақ аулағанда аң інінде болғанда қар аралас құмды інге нығыздап, аузын үлкен жалпақ таспен бастырып қойып аулауда қолданылатын қақпан түрі.
Тұзақ – әртүрлі құстарды ұстау үшін қылдан есіп жасалатын аңшылық құрал. Тұзақтың да түрлері жетеді. Жемтұзақаен түйір етті тізіп бүркітке жұтқызып ұстайды, қылтұзақ бөдене сынды құстарды ұстау үшін аттың қылынан, жалынан, кекілі құйрығынан жасалады. Сондай-ақ, суыр ұстауға арналған сымтұзақ, одан бөлек жұтпа тұзақ, қақпан тұзақ, шаппа тұзақ, босаға тұзақ, мойын тұзақ, желілі тұзақ сынды тұзақ түрлері де бар.
Биялай – қолға тиетін қолғап. Бүркітшілер оң қолған киеді. Оны жұмсақ теріден жасайды. Ішіне жұқа киізден не мақта жүн қабылған матадан астар салады.