Ер қаруы – бес қару

Қазақ халқының фольклорлық бай мұрасында батырлардың «бес қаруы бойында», «бес қаруы сай», «бес қаруын асынған» дегендей сөз тіркестері жиі қолданылады. Әсіресе орта ғасырларда ғұмыр кешкен әрі батыр, әрі жырау бабаларымыздың әдеби шығармашылығында көптеп ұшырасады. Барлық түркі халықтары секілді қазақ халқының батырлары соғыс кезіндегі жекп-жек айқастарында қарудың 5 түрімен сайысқан. Садақ ату, найзаласу, қылыштасу, балталасу және шоқпарласу түріндегі сайыс тек соғыс кезінде емес, бейбіт заманда, ұлы жиын-тойларда да өткізіліп отырған. 

Негізінде соғыс қарулары жұмсалу тәсіліне қарай – ату, кесу, түйреу, шабу, соғу болып қалыптасқаны айқын. 

Ату қаруы: садақ, жақ, жай. Садақтың екі негізгі функционалдық бөлігі бар: адырна және кіріс. Адырна серпінді етіп сүйектен, ағаштан жасалады, атудың негізгі қызметін атқарса, кіріс деп оған керілген, оқты тіреп қоятын жібін айтады. Садақты жасалу әдісіне және дайындалатын материалдарына байланысты бірнеше түрге бөледі. 

Кесу қаруы: семсер, қылыш, сапы. Осының ішінде кең түсіндірілетіні – қылыш. Қазақ қылыштарының басы қайқы келіп, пішініне қарай топқа бөлінеді. Наркескен, алдаспан, зұлпықар деген қылыш түрлерін қазақ жауынгерлері көп қолданған. Қысқа жүзді кесу құралдарына ғалымдар қанжар, пышақ, селебені жатқызады. 

Түйреу қаруы – негізінен атты жауынгерлердің басты қаруы. Қазақ батырлары түйреу қаруларынан найзаны, сүңгіні және жыданы алыс-жақындығына байланысты көбірек пайдаланған. Жауынгерлер найза, сүңгі қаруларының басына дәреже белгісін танытатын ту, байрақ, қыл, шашақ, жалау, т.б. тағатын болған. Тағылған қыл немесе шашақ екі жағдайда – қару ұшынан аққан қанды сабына жіберумеуге және қарудың қозғалыс бағытын байқатпауға арналып жасалады. Қарсыласқа алыстан-ақ лақтырып жайрататын жыданың өз ерекшелігі бар. 

Шабу қаруы. Шақан, жауынгерлік балта, айбалта, жартылай айбалта деген төрт түрге жіктеліп, жауды жару, шабу арқылы зақым келтіретін соғыс құралы өзгешелігі мол. Қазақ жерінен табылып, әр түрлі музейлердле сақталған, шүйдесі жатық, жалманы үшбұрышты сына тәрізді жасалған, жүзі жіңішке шабу қаруы – шақан деп аталса, басының жалманы трапеция секілді келген, жүзінің жалпақтығы орташа қару – жауынгерлік балта делінген. Айбалта деп жүзі жалпақ, жалманы жарты ай сияқты деңгелене келген қаруды айтады. Ал шабу, жарудан басқа кесу функциясымен ерекшелетін жартылай айбалта қаруының жүзінің жалпақтығы орташа, жалманының жоғарғы жағы тіктеу. 

Соғу қаруы. Шоқпар – басы мен сабын тұтас етіп, түбірлі ағаштан жасалатын қару түрі. Көшпелі халықтарда гүрзі басы шойыннан, қорғасыннан құйылып, сыртымен болат темірмен қапталады. Ал басы бірнеше тілімді, қырлы болып темірден жасалған жеңіл шоқпарды бұздыған деп айтса, басы сабымен бірге, тұтаспаған, босаң түрінде келетін құралды босмойын деп атаған. 

e-history.kz