Ең алғашқы тікұшақ қалай жасалды?

Адам баласының қиялында шек жоқ қой, шіркін... Шексіз қиялының арқасында балыққа ұқсатып акваланг, құстарға қарап ұшақ сияқты т.б. туындыларды дүниеге әкелді. Қазіргі таңда бір түрі медициналық көмекке, бірі төтенше жағдайларда, бірі ұрыста қолданылып жүрген тікұшақ та кезінде инелікке ұқсатылып жасалған еді. Солардың бірі һәм алғашқысы VS-300 (Vought-Sikorsky 300) немесе S-46 тікұшағын қашан және кім құрастырды?

1938 жылы АҚШ Конгресінде сенатор Ф. Дорси тікұшақ құрастыруды ұсынады. Барлық сенатор Дорсиді қолдап, алғашқы тәжірибелік тікұшақ құрастыруды Америкадағы танымал әуе құрылғыларын құрастырушы И. И. Сикорскийға тапсырады. Сикорский үлкен іске кіріспес бұрын, сынақ ретінде оның көтергіш қалақтары мен басқару жүйесінің стендін жасап алады. Оның жұмысқа қабілеттілігіне көз жеткізгеннен кейін ғана келісім беріледі.

1939 жылдың қыркүйек айында VS-300 (немесе S-46) тікұшағы құрастырылады. Оның сызбасы ауытқуды реттейтін үйкелмелі көтергіш үш топсалы механизмнен тұрады. Тікұшақтың көлденең және бір жағына қисайып ұшатын қасиеті арнайы механизммен басқарылады. VS-300 тікұшағының фюзеляжы (ұшақтың корпусы) болат құбырлардан жасалған. Ал корпусына тікұшақтың артқы аралығы болат құйылып жапсырылған. Қозғалтқыштан бәсеңдеткішке дейінгі қуат қайыс арқылы беріледі. Төрт тіреуішті шасси (ұшақтың доңғалағы бекітілетін қозғалмалы не қозғалмайтын құрылғы) тікұшақ бауырына жиналмайды. Бірақ бұл тікұшаққа ұрыс кезінде қарсыласты атуға арналған қару тіркелмеген.

1939 жылы 14 қыркүйекте VS-300 тікұшағымен И. И. Сикорский ұшып байқап көреді, бірақ, тікұшақ жерден лезде көтеріліп кетеді. Қауіпсіздік үшін алдын ала тікұшақты жерге төрт қысқа сым арқанмен тартып, қадап қояды. Алғашқы 1-2 минутта қалақ тербелісінің әсерінен көп қиындық туады. Нәтижесінде, 1939 жылы желтоқсан айының соңында тікұшақ ұшу кезінде аударылады, абырой болғанда, ұшқыш аман қалады. Бірақ қалақтарды ауыстыруға тура келеді. Кейін тікұшаққа жасалған сараптама нәтижесінде, оған әлі де өзгерістер енгізу керек екені және тікұшақтың артқы аралығының беріктігі жеткіліксіз екені анықталады. Сикорский уақытша тікұшақты арнайы басқару механизмін алып тастауды ұйғарып, тікұшақты көлденең ұшуды басқару қос қалақпен жүзеге асатын болды. Және VS-300 тікұшағына қуаты 68,1 кВт болатын қозғалтқыш орнатады. 

Өзгерістер енгізілген VS-300 тікұшағының бұл нұсқасы алдыңғыға қарағанда ыңғайлырақ болды. 1940 жылы 13 мамырда жаңа тікұшақ алғаш рет еркін ұша алды. Бірақ алға қарай ұшу кезінде қиындық туады. Оның мәнісі мынада: көтергіш қалақтан туындаған индукциялы ағын артқы болат бөренеге тарағанда, тікұшақ басқарылмай қалады екен. Артқы болат аралықты сәл жоғары көтергеннен кейін, тікұшақ тік бағытта ұша алатын болды. Әйтсе де, қалақ тербелісінің деңгейі аса жоғары. Осының нәтижесінде, тікұшақтың қуаты азайып, 1940 жылы 10 қазанда ұшу кезінде қалақтардың бірі сынып кеткен. Тікұшақ 4 м биіктіктен құлайды, қуантарлығы ұшқыш Сикорский жарақаттанбаған.

1941 жылы S-46 тікұшағын сынау жұмыстары жалғасын табады. Аталған жылдың сәуір айында бұл тікұшақ ұшу ұзақтығы бойынша Америкада рекорд жасайды (1 сағат 5 минут 14,5 секунд) және су бетімен ұша алатынын дәлелдейді. VS-300 тікұшағы, 1 сағат 32 минут 40 секунд бойына тоқтамастан ұшып, әлемдік рекорд жасаған. 

Ал 1942 жылы VS-300 тікұшағына ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде, стабилизаторы (ұшақтың я дирижабльдің теңдігін сақтайтын аспап) мен фюзеляжы, қалақтары зерттеуден өткізілген. Осыдан кейін, 1943 жылдың күзінде VS-300 тікұшағымен Сикорский Бриджпорт қаласынан Дирборн қаласына дейін өзі ұшып келіп, Форд мұражайына тапсырған. Әлемде үлкен тікұшақтарды құрастыру осы оқиғадан кейін белең алды.

VS-300 немесе S-46 тікұшағына сипаттама:
Көтергіш қалағының диаметрі: 8,5 м.
Бос кезіндегі (тыныштықта) салмағы: 500 кг.
Ұшу кезіндегі салмағы: 521, 5 кг.
Қозғалтқышы:
а) алғашқы нұсқада Лайкоминг қозғалтқышы, 48,5 кВТ 
ә) кейінгі нұсқасы Франклин қозғалтқышы 67,1 кВТ.
Максималды жылдамдығы: 100 км/сағ.
Ұшу кезіндегі жол ұзақтығы: 121 км.
Экипаж: 1

Оқи отырыңыз:

1. Аты аңызға айналған Драгунов мергендік винтовкасы

2. Бронды автокөліктер шынымен төзімді ме?

3. Әлемдегі ең мықты һәм танымал 10 қару

4. Бұл қызық: Екі оқты қатар ататын қос ұңғылы тапанша

 

Сурет: st.gdefon.com, img1.ubr.ua, img0.liveinternet.ru, sikorskyarchives.com