Бұл батырдың толық аты-жөні – Джон Малькольм Торп Флеминг Черчилль. Ол Екінші дүниежүзілік соғыста "Коммандос" жасағының командирі болып қызмет атқарған. Франция, Норвегия, Югославиядағы шайқастарға қатысып, екі рет "Ерен еңбегі үшін" орденімен және соғыс кресімен марапатталады. Елі Черчилльді батыр деп таныса, соғыстағы жолдастары оны "Ессіз Джек" деп атапты.
Неге? Себебi, елдің бәрі қолына автомат ұстап айқасып жатқанда бұл ескі садақпен, қарапайым қылышпен соғысты. Неге қылышпен? Себебі, оның түсінігінде "соғысқа қылышсыз барған офицердің бес қаруы сай емес".
Джек Черчилль жайында айтылған әңгімелер көп. Осы күнге дейін бүкіл әлем оның ерлігін жарыса жазып келеді. Алайда олардың қайсысының тарихи негізі бар, қайсысы асыра сілтеушілік, жалпы, "Ессіз Джек" ақиқат па, аңыз ба оны айту қиын. Бірақ, батырдың тарихы былай басталады:
Ол 1916 жылы Гонконгта дүние келіп, есейе келе Британияның Сандхёрст қаласындағы Корольдік әскери академиясына оқуға түседі. Оны аяқтағаннан кейін он жыл Бирмадағы Манчестрлік полкте қызмет атқарады. Әскерде жүріп шотландтық волынкада (музыкалық аспап түрі) ойнауды үйренеді. Оны жақсы меңгергені соншалық – 1938 жылы Британияда өткен волынкашылардың байқауында 70 қатысушының арасында топ жарып, бас жүлдені жеңіп алады. Сондай-ақ, садақты да керемет ататын болған. Тіпті, 1939 жылы әлем чемпионатында садақ атуда Ұлыбританияның намысын қорғаған. Бірақ, ол өмірде екі нәрсені қатты жақсы көрген. Бірі – соғыс, екіншісі – Шотландия. Соғыс басталған уақытта ол еш ойланбастан өз еркімен майданға аттанды. Волынкасын, садағы мен қылышын да бірге алып кетті.
1940 жылдың мамыр айында Бетюн маңында (Франция) манчестрлік полк неміс әскерлеріне шабуыл жасайды. Бір қызығы – осы полкті бастаған Джек жау фельдфебелін (рота командирінің көмекшісі) садақпен атып түсіріп, жауынгерлерге шабуылдың басталғаны туралы хабар береді. Осы ұрыста көрсеткен ерлігі (жараланған британ әскерін құтқарып қалған, т.б.) үшін соғыс кресімен марапатталады. Ессіз Джек Франциядан кейін, оның немен айналысатын білмесе де "Командос" арнайы жасағының құрамына жазылады.
1941 жылы британ әскери күшінің "Садақтан атылған оқ" (Operation Archery) арнайы операциясына қатысады. Норвегиялық Вогсёй аралына қарай келе жатқанда, ол кеменің алдында тұрып, өзінің аспабымен "Камеронц маршын" ойнап тұрады. Кеме жағаға жете салысымен, қылышын қынабынан суырып алып, жауға қарай тұра жүгіреді.
Джек Черчиль (оң жақтағы, қолында қылышы бар) кеме десанттарының қолбасшысы
Көптеген деректерде Джек соғыста шотландтық клэймормен (қылыш түрі) шайқасқан деседі. Ал шындығында оның ұстаған қылышын мына суреттен көре аласыздар:
Оң жақтағы суретте осы қылышты тағып жүргені бейнеленген
1943 жылы шабуыл Италияның Салерно провинциясына ауысады. Оған осындағы жаудың артилериялық ротасы орналасқан, көптен бері берілмеген Пьеголелла қалашығын басып алуды тапсырады. Қалаға тығылып басып кіру мүмкін еместігін түсінген Джек мынадай айла қолданады: түнде жауынгерлерді алты қатарға тұрғызып, бар дауыстарымен "КОММА-АНДО-О-О-О!!!" деп айғайлай отыра жауға қарсы жүгіруді бұйырады. Ұрандатқан қатты дауыстан неміс әскерлерінің есі шығып, не істерлерін білмей сасып қалады. Нәтижесінде, 50 британ жауынгері 136 жау әскерін еш қиындықсыз қолға түсіреді. Бұл Ессіз Джектің соғыс уақытында жасаған ерліктерінің біреуі ғана. Ол айлакерлігімен бір түнде жаудың 42 әскерін бір өзі қолға түсірген. Джек тек ержүректігімен ғана емес, шыдамдылығымен, сабырлығымен, әсіресе, көшбасшылық қабілетімен көпке үлгі болған.
1944 жылы Адриат теңізініңдегі кішкентай аралда Ессіз Джек бір топ әскермен жау қоршауына түсіп қалады. Күтпеген жерден жасалған жойқын соққыдан жалғыз Джектен басқа бәрі қаза табады. Ал жігерлі Джек жауға қарсы барлық оғын атып тауысқан соң, жерге жайғасып аспабын қолына алып, "Will Ye No Come Back Again" әнін орындайды. Екі күннен соң, қолға түсірген командирге былай деп хат жазады: "Сіз маған жақсы көзқараста болдыңыз. Егер соғыстан кейін, Англияға немесе Шотландияға келетін болсаңыз, міндетті түрде маған қонаққа келіңіз. Әйелім екеуміз сізді күтеміз" деп хат соңына телефон нөмерін қалдырады. Кейіннен Ессіз Джекті өлімнен осы екі сөйлем жазылған бір парақ хат аман алып қалады.
Жалғасы бар...