Екінші дүниежүзілік соғыста садақпен шайқасқан батыр

Екінші дүниежүзілік соғыста садақпен шайқасқан батыр
Фото: cs621320.vk.me

Бұл батырдың толық аты-жөні – Джон Малькольм Торп Флеминг Черчилль. Ал соғыстағы жолдастары болса, оны "Ессіз Джек" деп атаған. Оған себеп, елдің бәрі қолына автомат ұстап айқасып жатқанда, бұл ескі садақпен, қарапайым қылышпен соғысқан.

Жалпы, Джек Черчилль жайында айтылған әңгіме көп. Осы күнге дейін бүкіл әлем оның ерлігін жарыса жазып келеді. Алайда олардың қайсысының тарихи негізі бар, қайсысы асыра сілтеушілік, жалпы, "Ессіз Джек" ақиқат па, аңыз ба, оны айту қиын. Бірақ батырдың тарихы былай басталады:

Басы...

Тұтқынға түскен Черчилльді фамилиясына қарап, Уинстон Черчилльге (Ұлыбританияның сол кездегі премьер-министрі) қатысы бар деген оймен Берлинге тергеуге алып келеді. Бірақ Ессіз Джек жол бойы немістерді әбден шаршатады. Ұшақтың ішінде өрт шығарып, кейіннен өзін қамап қойған Заксенхаузен концлагерінен қашып кетеді. Оны ұстап алып екінші бір концлагерьге бекітеді. Алайда айлакер Джек 1945 жылы бұл жерден де қашып шығып, Альпі тауынан асып кетеді. 250 километрге жуық жерді жаяу басып өтіп, Веронаға (Италия) келіп бір-ақ тоқтайды. 

Соғыс аяғына жақындап қалған еді. Ал Джек бұл оқиғаға қуанудың орнына жапондарға қарсы соғысқа сұранады. Дәл осы уақытта Хиросимада қайғылы оқиға орын алып, Жапония да жеңілгенін мойындайды. Естігеніне көңілі түскен Джек: "Аһ, сайтан алғыр, егер олар болмағанда, әлі 10 жыл соғысар едік!" дейді. Бірінші бөлімде оның өмірде екі нәрсені қатты жақсы көргенін айтқан едік: бірі – соғыс, екіншісі – Шотландия. 

Соғыстан кейін Джек парашютпен секіруді үйреніп, Бесінші парашютты батальонның командирі болып тағайындалады. 1948 жылы оны шотландтық жаяу әскер (Highland Light Infantry) командирінің орынбасары қылып Йерусалимге жібереді. Ол кездері Палестинада жағдай ушығып тұрған еді. Бұл жақта да ол адам айтса нанғысыз небір ерліктер жасады. 700-ге жуық дәрігер мен көптеген студентті құтқарып қалады. Жалғыз өзі қалың қолға қарсы тұрады және т.б. Ессіз батырдың көзсіз ерліктерін айтып тауысу мүмкін емес. Басқасын қоспағанда, оның осы сұрапыл соғыста садағын асынып, қылышын қолға алып жаумен шайқасқаны-ақ жетіп жатыр. 

1959 жылы Джек қызметін абыроймен аяқтап, подполковник шенімен жұмыстан кетеді. Одан соң, қорғаныс министріне кадеттер оқуына жауапты бақылаушы болып орналасады. Бос уақытында радиомен басқарылатын кеме түрлерін жасайтын. Сондай-ақ, ол жанына жарын ертіп, Темза өзенінде кемесімен қыдырғанды жақсы көрген.

Уақыт деген жылдам ғой, шіркін! От пен судың ортасында жүріп, 1996 жылы өз үйінде 89 жасында дүние салады. Артында өмірлік жары (Розамунд Денни) мен екі ұлы қалады (Малькольм, Родни).

Шындығында, Ессіз Джекті ессіздікке итермелеген ақымақтығы емес, еліне деген махаббаты еді. Сондықтан да, елі, жұрты, бүкіл әлем оның ессіздіктерін ерлік деп бағалады...

Е. Жұмабайұлы