Қазақта «бес қаруын асынды», «бес қаруын сайлады», «бес қаруы бойында» сынды сөз тіркестері кездеседі. «Ер қаруы – бес қару» деген мақал да бар. Бұл бір ауыз сөздің астарында үлкен мағына жатыр.
Біріншіден, халқымыз қаруды соғыста қолданылатын жауынгердің шабуыл құралы деп танып, оны тек майданда, жекпе-жек пен ұрыста пайдаланатын болған. Қару – бұл ердікі. Оны қарапайым өмірде ешкім ұстап жүрмейді. Қаруды соғыс кезінде ғана алып шығады. Ер қаруы деген атау осыдан шыққан.
Ер қаруы – ерлер мен батырлардың соғыста, жекпе-жек алып шығатын жеке қаруы. Қару – әскери адам асынып жүретін меншікті дүние.
Түркі халықтарының эпостары мен қаһармандық жырларынан батырлардың 5 қарумен айқасатынын байқаймыз: садақ ату, найзаласу, қылыштасу, балталасу, шоқпарласу. Көшпелі халықтардың әскери ұйымдасуы ондық, жүздік, түмен жүйесімен өлшенеді. Бірақ бұл жауынгер көшпелі халықтың әскери жүйесін сипаттай алмайды. Ондық жүйе әскери құрылымның көлемін, сандық көрсеткішін ғана білдіреді.
Бұрынғы заманда түркі әскерлері қару түріне қарай бөлінген. Әр қаруды жеке меңгерген жауынгерлерді арнайы бөлімшелер – садақшылар, қылышкерлер, найзашылар, айбалташылар, шоқпаршылар деп әскери қосындар құрылған. Мәселен, Манас жырында қырғыз, қазақ және түркі әскерлерінің 70 мың сарбазының құрамында 20 мың садақшылар қосыны, 30 мың мылтықшылар қосыны, 15 мың қылышкерлер, 5 мың шоқпаршылар болғаны айтылады.
Әскери қосынды қару түріне қарай бөлу қазақ дәстүрінде де болған. Мәселен, Абылай хан мен Кенесары әскерінің құрамында садақшылар мен найзашылар, мылтықшылар қосыны болғаны айтылады. Одан бөлек, бес қаруды қатар меңгерген сайыпқыран жауынгерлер де болған. Әр әскери қосын бір ғана қару асынып жүреді деген сөз жоқ, мергендердің қолында қылыш пен найза болса, найзагерлер беліне қылыш іліп, арқасында садақ асынған.
Әскерді қару түріне қарай бөліп, жасақ ұйымдастыру әскери құрылымның сапалық сипатын білдіреді. Бұл – оның әскери-техникалық деңгейі.
Көшпелілердің соғыс өнері бүкіл әскердің ашық майданда айқасы, оның тактикасы мен осы жауынгерлік қару түрлерін қолдануға құрылған. Жат жерлік әскерлермен соғысқанда (қытай, орыс, парсы әскері) алдымен шағын ұтқыр-барлаушы топты алға жіберіп, шай қайнатым ұрыс салған. Бұл көрініс «Моңғол» фильмінде жақсы бейнеленген. Мұндай тактиканы орыс әскерлерімен күресте Кенесары да, қытай әскерімен соғысқанда Абылай хан да қолданған.
Ұтқыр топ жаудың алдыңғы көбесін бұзып, есеңгіреткен кезде алыс қашықтықтан садақпен атысу басталып, адамдарды, аттары шығынға ұшыраған әскермен қоян-қолтық ұрыс жүргізді. Қылыш, айбалта, шоқпар сілтеу сынды тәсілдерге көшеді. Ал күштің тепе-теңдігі бұзылған жағдайда, қаша ұрыс салып, қайтадан шауып келе жатып артқа қарай садық атуға көшіп, жаудан айласын асыруға тырысатын. Бұл – түркі-қазақ халықтарына ортақ әдіс.
Бес қару бір-бірін ауыстыра алмайды, әр қарудың өз қызметі, жұмсалу қасиеті бар. Сондықтан оны беске шақтаған. Олар: ату, кесу, түйреу, шабу, соғу.
Ер қаруының келесідей ерекшеліктері бар:
- Өзіндік жұмсалу тәсілі болады;
- Ерлер мен батырлар, жауынгер адамдар ғана ұстайды;
- Соғыс пен майданда ғана қолданылады;
- Батырлар жекпе-жекте қолданады;
- Әскери қосын, әскери бөлімдер құруға қажет;
- Әскери тактика бес қаруға қарай құрылады;
Бұдан ер қаруы – бес қару сөздерінің астарында көшпелі халықтарда ертеден қалыптасқан, көшпелілердің жауынгерлік қаруды жіктеудің өзіндік жүйесі жатқанын аңғаруға болады.