Түркілердің дәстүрлі қарулану жүйесіндегі әскери қару-жарақ түрлері
Түркілердің дәстүрлі қару-жарақ жүйесі шабуыл мен қорғаныс қаруының бірнеше түрі мен топтарынан құралған. Қарулану термині қазақ тілінде қазақтың дәстүрлі қару-жарақ жүйесін толық түсінуге мүмкіндік береді. Түркілердің қару-жарақтар түрлері, олардың қосымша элементтерінің атауы өзге түркі тілдес халықтардікіне ұқсас болып келеді. Бұл осы жүйенің барлық түркітілдес халықтар үшін ортақ болғанын және оның түркі дәуірінде қалыптаса бастағанын білдіреді. Көшпенділердің қорғаныс қаруы да осы дәуірде пайда болды.
Түркілер қолданған қарудың бес түрі немесе бес қару
Қазақтың аңыз-дастандарында жауынгерлер қауымы өкілдері яғни, батырлар қолданған бес түрлі қару туралы жиі сөз болады. Қазақта «Ер қаруы – бес қару» деген даналық бар. Қару-жарақтың бес түрге топтастырылуы оның қасиеттеріне байланысты. Жауына күйрете соққы беретін қару-жарақтың әр қайсысының өзіндік қайталанбас қасиеттері бар. Осы қасиеттеріне қарай ер қаруы: ату, кесу, шабу, түйреу және соғу қаруы деп бес түрге бөлінген. Әр топ іштей бірнеше түрге жіктеледі.
Ату қаруы
Түркілердің негізгі қаруының бірі жақ деп аталған. Ол ағаш, сүйек, мүйіз, қайың қабығы (тоз), сіңір мен былғары сынды материалдардан жасалады. Ол бірнеше бөліктен тұрады. Түркілер жебені пайдаланатын мақсаты мен ұшына қарап бірнеше түрге бөлген. Ұшы жалпақ екі айыр болып келетін жебе «қозы жауырын» деп аталады. Ол жарақатты тереңірек салуға арналған. Ал, сауыт бұзуға арналған үшкір, үш-төрт қырлы жебе «сауыт бұзар» немесе «көбе бұзар» деп аталған. Түркілер жебенің ұшын темірден, сүйек, мүйіз бен ағаштан да жасаған. Адамды аттан құлатып түсіру үшін немесе аңға шыққанда түркілер ұшы цилиндр тәріздес ағаштан жасалған «доғал оқты» пайдаланған. Ал, соғыс кезінде дыбыстап белгі беру үшін «ысқырық» оқтар қолданылған. Ал, садақтың оғы салынатын қапты қорамса десе, жақты салатын қорапшаны «садақ» деп атаған. Міне, ерте заманда қазақтардың әкери қару-жарағы осындай атауларға ие болған. Кейінірек қазақтар жақтың орнына мылтық пайдалана бастады. Ертедегі бабаларымыз білтелі мылтық, бытыралы, шүріппелі мылтықтар пайдаланған.
Кесу қаруы
Түркілер жауынгерлері кесу қаруының: семсер, қылыш және сапы деген үш түрін қолданған. Түркілер қылыштары басының қайқылығына, пішініне қарай, сабының және балдағының пішініне орай бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы «наркескен». Оның қайқылығы бірден алқымынан басталады, сондықтан кесу күші жоғары болған. Асыл қылыштың ерекше түрін қазақтар да өзге түркі халықтары секілді «зұлпықар» деп атаған. Зұлпықар (арабша Зу – л фикар – «жасын» деген сөз) — Әзірет Әлінің (Мұхамед пайғамбардың немере інісі әрі күйеу баласы, төртінші халиф Әлі ибн Әбу Тәлібтің) аты аңызға айналған қасиетті екі басты қылышының аты. Кейбір қылыштар шапқанда ауыр болу үшін басы үлкейтіліп, жалпақ қылып жасалған және ұшының сыртында шығыңқы тұрған жотасы болған. Оны «жалман» деп атаған. Жыраулар шығармаларында мұндай ауыр қылыштар «алдаспан» деп аталады. Қазақ батырлары қылыштың бұл түрін өте жоғары бағалаған. Ал, қылыш, семсер салатын бұйым «қынап» деп аталады. Оны асынып жүруге арналған бауды «қылыш бау» деп атайды. Қынап ағаштан жасалып, былғарымен немесе барқытпен қапталған. Металмен әшекейленіп, алтын, күміс және асыл тастар қондырылған. Кейбір қынаптар таза металмен қапталған.
Жүзі қысқа қарудың бір түрі – қанжар деп аталады. Ол шайқаста атты жауынгердің қосымша құралы қызметін атқарған. Бұл пышақ қазақтың ұлттық костюмінің ажырамас бөлігіне айналып, ерлердің «кісе белдігіндегі» қынапта үнемі пышақ жүретін болған. Қынап пен оның белдікке тағатын ілмегі кестеленіп, металмен безендірілген.
Түйреу қаруы
Қазақта екі түрлі түйреу қаруы болған. Ұшы жалпақ болып келетін қылышты қазақтар «найза» деп атаған. Ұшы қырлы ұзын қылыш «сүңгі» делінген. Ол жаудың сауытын сындыра соққы беруге арналған. Қазақ батырлары найза мен қайың найзаға: мойшақ, ту, жалауша, шашақ сынды белгі таққан. Ту – жалпы әскердің белгісі, мойшақ – әскербасының таңбасы болды. Түрлі-түсті жалаушалар әскери жасақтардың бір-бірін тануы үшін қажет болса, аттың жалынан немесе жібек баудан жасалған шашақтар батырлықтың нышаны саналды.
Шабу қаруы
Ертедегі қазақтардың негізгі деген төрт шабу қаруы болған. Олардың жарақаттау қабілеті мен пішіні жағынан айтарлықтай ерекшелігі бар. Бұл қарудың бір түрі «балта». Оның жүзі орташа болып келеді. Жүзі ай пішіндес әрі енді болып келетін балтаны қазақтар «айбалта» деп атаған. Жүзі сына тәріздес болып келетін қару «шақан» деп аталған. Бірақ, қазақ батырлары соғыста балтаның төртінші түрі – жарты айбалтаны көп қолданған. Кәдімгі балта, айбалта мен шақанның қасиеттерін біріктіру арқылы жасалған айбалтаның басы балға пішіндес болады.
Қазақ балтасының сабы кейде металмен көмкеріліп, былғарымен қапталады. Жауынгер балтасы сабының ұзындығына қарап: ұзын сапты, орташа сапты және сабы қысқа балта деп үшке бөлінген. Қазақтар сабының ұзындығы орташа болып келетін балтаны кеңніне қолданған. Ал, қысқа сапты балталарды әдетте белдікке қыстырып жүретін болған. Ұзын сапты айбалтаны хан сарайын немесе қорған қақпасын күзететін жауынгерлер ұстады.
Соғу қаруы
Бұл қарудың ең көне түрі «шоқпар» деп аталады. Ол ағаштан, ауыр сойыл түрінде жасалады. Кейде шоқпарға металл шынжыр немесе үшкір темір тығылады. Соғу қаруының екінші түрі – «гүрзі» деп аталады. Басы металдан құйылған ауыр шоқпар. Соғу қаруының үшінші түрі – «бұздыған» деп аталған. Бұздыған — басы алты не сегіз қырлы (әр қырының арасы тілімделіп ойылады) болып келетін, темірден жасалатын шоқпардың жеңіл түрі. Соғу қаруының төртінші түрі – «босмойын» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, босмойынның басы иілгіш келеді. Шоқпардың басы сабына қайыс немесе шынжыр арқылы бекітіледі. Мұндай шоқпарлардың басы ағаштан, тастан немесе металдан жасалған.
Қазақтар соғыс қаруын пайдалану шеберлігін жан-жақты меңгерді. Батырлар жекпе-жегі ермек үшін емес, олардың қару ұстау шеберлігін, күші мен ерлігін айқындау үшін өткізіліп отырды. Жекпе-жекте міндетті түрде қару қолданылды. Көшпенділер жауынгерлері де қазіргі кездегі сияқты ұстаған қаруына қарай бірнеше топқа бөлінген. Белгілі бір қаруды жетік меңгерген жауынгерлерден найзагерлер, семсершілер, садақшылар, айбалташылар жасақтары құрылған. Бес қаруды әбден меңгерген шебер батырлар ең үздік гвардия бөлімшелеріне алынған. Көшпенділердің соғыстағы әскери тактикалары да осы бес қаруды пайдалану ерекшеліктеріне негізделді. Әдетте, соғыс алыс қашықтықта тұрып садақтан оқ атудан басталған. Атты әскер найзаны жаппай шабуыл кезінде қолданған. Кейін арадағы қашықтық жақындаған кезде қарудың өзге түрлеріне көшкен.
Осындай ерекшеліктері бар соғыс қаруын халық айрықша қастерлеген. Қаруды кім болса сол асынбаған. Қаруды қастерлі деп санаған ертедегі қазақтар оған сыйынған, ант беріп, әр қаруға өзінше ат қойған. Орта ғасырларда семсер немесе алдаспан қылыш биліктің белгісі саналып, таққа отырған билеушіге табысталып отыратын. Қазақтар хан көтерген кезде билік пен хандықтың белгісі ретінде белдігіне алтын қылыш тағыпты. Жоғарыда аты аталған бес түрлі қару әскери биліктің белгісі саналып, әскери шен қарумен белгілеген. Қызметке тағайындалған кезде әскербасыларға қыл-құйрық немесе мойшақ тағылған найза, қылыш немесе күрзі тарту етілді. Қару асыну құқына ие болған адамдарға белгілі бір артықшылықтар да берілген. Мысалы, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңы бойынша хан кеңесіне қару асынған хандар, сұлтандар, батырлар мен ру басылары ғана қатыса алатын. Ал, жиын-тойда, мерекеде асынатын қару-жарақ әскери награда қызметін атқарды. Әскери шен-шекпенді дәстүрлі ас пен мерекелер кезінде өткізілетін жарыстарда бәйгеге тігіп отырған.
Сол жаужүрек бабалардың бүгінгі ұрпағы да қазақтың бес қаруына үлкен құрметпен қарайды. Арамызда әлі күнгей дейін даңқты бабаларынан қалған қаруды қастерлеп, төріне іліп қоятын қазақтар аз емес.
Дереккөз: beskaru.kz