- Негізгі бет
- Бесқару
- Балта сабын қандай...
Балта сабын қандай ағаштан жасау керек?
Балтаны ұзақ уақыт қолданғыңыз келсе, сабына аса мән беріңіз. Қолға ыңғайлы болуы да маңызды. Сабы берік ағаштан жасалса, жыл сайын сынып та мазаңызды алмайды.
Күнделікті тұрмыста қолданатын балтаның сабы ағаштан жасалғаны жөн-ақ. Темірден жасалғаны да жаман деуге келмейді. Бірақ кейде қиындықтар тудыруы мүмкін. Мысалы, бір затты ұрғанда темір сап қолды ауыртады. Ағаш сап қатты ауырта қоймайды. Сондай-ақ темір сапты балта ыстықта, не суықта қалса қолмен ұстау тағы да қиын. Бір артықшылығы - балтаның басы шығып кетеді-ау деп көп уайымдамайсыз.
Балтаны сатып алғанда, не қолдан жасағанда оның сабына көбірек көңіл бөліңіз. Cап саларда ағаштың таза кепкеніне көз жеткізіңіз. Көзі мен жарықшағы болмау керек. Негізінен сап болуға қандай ағаштар жарайды? Айта отырайық.
1. Үйеңкі
Қазақстанда таулы жерлерде, өзен бойларында, сай-салаларда, орманды жерлер мен бұталар арасында жабайы өсетін ағаш түрі. Көбіне солтүстік жарты шардың қоңыржай, субтропиктік және тропиктік жылы аймақтарында көп кездеседі. Жалпы 150-ге жуық түрі бар. Биіктігі 20-55 метр аралығында болады.
Үйеңкі қатты әрі иілгіш қасиетке ие. Сондықтан балта сабын жасауда көп қиындық тудырмайды.
2. Қайың
Қайың ағашын елімізде көп өседі. Түр-түрі бар. Дүкендердегі балта саптарының көбі осы ағаштан жасалады. Бағасы да арзан. Бірақ реті келсе балтаның сабын қайыңнан емес, өзге ағаш түрінен таңдаған абзал. Қайыңнан жасалған сап аса берік болмайды.
3. Шаған
Солтүстік жарты шардың қоңыржай және субтропиктік аймақтарында, кейде Азия мен Американың тропиктік аймақтарында кездесетін 70-ке жуық түрі белгілі. Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы таулардың, ормандардың, өзен жағаларындағы су жайылымдарында өсетін 4 түрі бар.
Шағанды "діңі қатты ағаш" деп те атайды. Қатты әрі берік. Нағыз балта сабына сай келетін ағаш түрі.
4. Шамшат
Бұл ағаш қоңыржай, тропиктік және субтропиктік аймақтарда (тек Оңтүстік Африканың тропиктік аймағында кездеспейді) өседі. Сүрегі иілгіш болғандықтан, сап жасауға таптырмас ағаш түрі. Ол үшін ағашты таза кептіріп алу керек. Сонда ұзақ уақытқа шыдайды. Сондай-ақ шамшат сапты балтаны ылғал жерге қалдырмаңыз. Ағаш тез ылғалданып кетеді. Ылғалданған сап тез бүлінеді.
5. Емен
Емен – діңі жуан әрі мықты, биік болып өсетін ағаш. Биіктігі – 40 метр, діңінің жуандығы (диаметрі бойынша) – 2 метрге дейін жетеді. Емен ағашын таулы аймақтардан, Тобыл өзенінің жағалауынан табиғи түрін көруге болады. Еменнен ғана құралған ормандар ТМД елдерінде ғана бар.
Емен – ең берік ағаштардың бірі. Нағыз балта сабын жасауға арналған дерсің. Бұл ағаштан жасалған балтаның сабы кез келген күшті соққыға төзімді болады. Ылғал тартпайды, зиянды жәндіктер теспейді. Бір қиыны, сап ауыр болуы мүмкін.
Н. Үсенова