Сент-Луистегі Вашингтон университетінің зерттеушілері жарылғыш іздейтін киборг шегіртке жасап жатыр. Осы жоба үшін АҚШ-тың Әскери-теңіз зерттеулер басқармасы 750 мың доллар грант бөлді.
Жобаның жетекшісі Баранидхаран Раман бірнеше жыл бұрын насекомдарды зерттеп жүріп, олардың сезу органдары қазіргі сенсорлық технологиялардан дәлірек жұмыс істейтіндігін байқаған. Ол жарылғышты іздеуде шегіртке жақсы нәтиже береді деп санайды. Егер оған белгілі бір иістерді тануды үйретсе ол оны басқа заттармен араластырса да біле алады.
Сонымен бірге, шегірткенің миы келіп түскен белгілерді жылдам өңдейді. Оған жарылғыштың иісін анықтау үшін бірнеше жүздеген миллисекунд жеткілікті.
Ғалымдар жәндіктің осы нейрон импульстерін тани алуы керек. «Біз шегірткеге ота жасап оның миына электрод импланттаймыз. Бірнеше сағат ішінде шегіртке есін жинап ештеңе болмағандай жүре береді», -дейді Раман.
Сондай-ақ зерттеушілер тобы шегірткенің миындағы импульстарды қабылдайтын арқасына бекітілген шағын белгі беруші қоржын жасайды. Шегіртке іздеу жұмыстарына кіріскенде ол жасыл жарық шығарса, жарылғыш тапқан кезде жарық диод қызылға ауысады.
Киборг шегірткенің алғашқы нұсқасы бір жылдан соң дайын болады, ал ал екі жылдан соң ол іске кіріседі деп күтілуде.
Дереккөз: inform.kz