- Негізгі бет
- Бесқару
- Алғашқы танк қашан...
Алғашқы танк қашан пайда болды?
Қарулы күштерді қаһарлы да қуатты танктерсіз елестету қиын. Танк – соғыс құралы. Адамзат бұл көлікті алғаш жасап шығарғаннан бері ол құрлықтағы соғыстың басты қаруы және жаяу әскер қауіпсіздігінің кепілі болып келеді. Аса қуатты көліктің өзіндік тарихы, өзіндік даму эволюциясы бар. Ендеше, бүгінгі мақалада танктің шығу тарихына, даму кезеңдеріне тоқталатын боламыз.
Алғашқы танк бірінші дүниежүзілік соғыстың оты тұтанған шақта жарыққа шықты. Дәлірек айтсақ, Сомма шайқасында ағылшын-француз армиясының тарапынан қолданылды. Танктердің пайда болуын тарихта осы мерзімге сәйкестіндіреді. Себебі, тек осы уақытта танк өз атына лайық қару ретінде құрастырылған болатын. Алайда, бұл көліктің тарихы тым тереңде жатыр.
Мамандар танк тарихын орта ғасырлардан бастайды. Ренессанс дәуірінде өмір сүрген белгілі суретші, мүсінші, конструктор Леонардо да Винчи танктың алғашқы нұсқасын жасап шыққан деген әпсана бар. Алайда, бұл нұсқада қазіргі танктің бір де бір нышаны жоқ екен. Оның сыртқы көрінісі танкке мүлде ұқсамайды. Дегенмен, бұл алғашқы танк. Оның ішкі құрылымында сол заманның атыс құралдары қолданылған екен. Құрастырушы шабуыл кезінде жау әскерінің ортасына еш қиындықсыз кіруге мүмкіндік беретін, сол арқылы жаяу әскерге жол салып беретін жабық құрал жасауды ойлаған. Суретшінің қиялынан туындаған бұл көліктің ішіне бірнеше жауынгер сыйп кетеді. Сол заманнан жеткен ақпарат көздерінің бір де бірінде оны қалай қозғалту керектігі жайлы мүлде ақпарат жоқ. Кей зерттеушілер оны ішіндегі адамдардың көмегімен қозғалысқа түсірді деп тұжырымдайды. Алайда, бұл танктің күні ұзаққа бармапты. Леонардо да Винчи қанша данышпан болғанымен, оңтайлы соғыс құралын сол күйі жасап шығара алмаған екен.
Танк құрастыруға І дүниежүзілік соғыс кезінде еуропалық империялар қызығушылық таныта бастады. Орта ғасырларға қарағанда ғылым мен білімде едәуір жетістікке жеткен адамзаттың бұл уақытта танкті құрастырып шығуына толық мүмкіндігі бар еді. Оған қажетті барлық ресурстардың тетігі адам баласының қолына тиген болатын. Соғыс кезінде орыс конструкторы Лебедов алғашқы орыс танкін жасап шығарады. Дегенмен, оның қазіргі буын қаруларынан айырмашылығы аса зор болған. Құрастырушының айтуынша, оған бұл идея орта азиялықтардың үлкен доңғалақты арбаларын көргеннен кейін келген. Айтқандай-ақ, бұл қарудың тұрпаты алып арбаны еске түсіретін.
Танктың тағы бір нұсқасын ағылшындар 1916 жылы Сомма шайқасында қолданады. Оны Триттон атты инженер мен Вильсон лейтенант құрастырып, көлікті «Кішкене Вилли» деп атайды. Бұл қару 1915 жылы сынақтан өткізілген. Ал оның жетілдірілген нұсқасы «Үлкен Вилли» 1,8 м кедергілер мен 3 м оқпандардан еркін өтетін мүмкіндіктерге ие болады. Бұл нұсқаға кейіннен Мк1 аты беріліп, оның жетілдірілген нұсқаларын шығару қолға алынады. Бұл қадамға ағылшындар Сомма шайқасындағы жетістіктерден кейін барған еді. Болжанғандай, танк адам шығынын 20 есеге дейін қысқартқан екен. Мк-ның кейіннен МкА, МкС,МкL маркалы нұсқалары шығады. МкL өз кезегінде алғашқы жүзетін танк деп табылады.
Уақыт өте танк жауласқан армиялардың барлығында пайда бола бастайды. Француздар 1916 жылы өздерінің төл танкін құрастыру үшін «Шнейдер» компаниясына тапсырыс береді. Алайда,олар құрастырған шынжыр табанды танк соғысқа жарамсыз болып шығады. Себебі, танк өте баяу қозғалатын. Тіпті, болмашы қашықтықты еңсеру үшін оған сағаттап уақыт беру қажет еді.
Ал, І дүниежүзілік соғыстағы ең үздік танк ол Рено болды. Алғашқы сәтсіздіктен кейін француз билігі тапсырысты Рено компаниясына береді. Атақты Рено машинасының құрастырушысы басында бұған келіспегенімен, артынша қолға алған екен. Бұл нұсқа өзінен кейінгі барлық танктерге даңғыл жол салып кетті. Оған ең алғашқы борттық радиостанциялар орнатылды. Бұл танкті басқаруды жеңілдететін еді. Рено француз армиясының қолданысында 30 жылдарға дейін тұрыпты. Олардан бөлек, тағы 20 мемлекет бұл нұсқаны шығаруды жолға қойған.
Қарулану жарысынан немістер де шет қалмағаны белгілі. 1917 жылы «Бремерваген» фирмасы A7V атты сауытты көлігін құрастыруды бастайды. Бірақ, Германия оның кешенді өндірісін сол күйі орната алмаған екен. Сол секілді, P1x нұсқасы да кейбір әскери операцияларға қатысқанымен, саны жағына бірнеше данадан аса алмапты. Ал,немістердің қарсыласы «Антанта» одағында керісінше, сол уақыттың өзінде 7000-нан аса танк болыпты. Танктер бұл әскери блокта өзінің ерекше статусын орнатып үлгерген еді.
А. Қажиев