Жалпы ұшақ атаулысының асқан жылдамдықпен ұшатынын бәріміз білеміз. Ал әлемдегі ең жылдам ұшақ секундына шамамен 3 267 метр жылдамдықпен ұшады десек, сенесіз бе? Ғылымның қарыштап дамып жатқан тұсында, мүмкін, бұл таңғаларлық көрсеткіш емес те шығар?! Дегенмен, байыбына барсаңыз, бұл көрсеткіш (3 267 м/с) дыбыс жылдамдығынан 9,6 есеге артық екен. Расында да адам сенгісіз иә?!
Гипердыбысты ұшқышсыз X-43A ұшағы – әлемдегі ең жылдам ұшатын әуе көлігі. Бұл ұшақты 10 жыл көлемінде NASA, Orbital Sciences Corporation, MicroCraft Inc құрастырушылары мен инженерлері жасаған. Және оның құрастырылуына 250 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Егер дыбыс жылдамдығы 340, 29 м/с деп есептесек, одан X-43A 9,6 есе артық жылдамдықпен ұшқан. Ұшақтың ерекшелігін байқау үшін реактивті жойғыштармен салыстырып көрейік. Реактивті жойғыштар дыбыс жылдамдығымен тең немесе одан екі есе көп жылдамдықпен ұша алады. Демек, X-43A адам сенгісіз жылдамдыққа ие. (Дыбыс жылдамдығынан 9,6 есе).
X-43A ұшағы әуе кеңістігінде 2001 жылдың 2 маусымында тексерілген. Алайда, ұшақтан қателіктер табылып, ұшу кезінде апатқа ұшыраған, оның қалдықтары Тынық мұхитының түбіне кеткен. 2004 жылы 27 наурыз күні сынақ алаңынан X-43A сәтті өтті. 2004 жылы 16 қарашада Николай аралынан Тынық мұхитына дейін 11 230 км/сағ жылдамдықпен ұшып өткен. Нәтижесінде, жаңа рекорд орнатылып, Гиннес рекордтар Кітабы NASA ғарыш агенттігіне Guinness World Records сертификатын табыстаған.
Ұшақ қанаттарының құлашы – 1,5 метр болса, ұшақтың жалпы ұзындығы – 3,6 метр. Scramjet (Supersonic Combustion Ramjet) атты тәжірибелік тура нүктелі әуе қозғалтқышы арқылы жұмыс істейді. Оның артықшылығы: қозғалтқышта үйкелетін бөлшектер жоқ, сутегі мен оттегінің қоспасы қозғалтқышты оталдыратын отын ретінде қолданылады. Өзге ұшақтардың жанармайлары секілді бұл ұшақтың отыны арнайы бактарда сақталмайды, отын ретінде қолданылатын оттегіні атмосферадан алады. Атмосферадан алынған оттегі өзінен улы қалдықтар шығармайды, ол су буына айналып отырады.
X-43A ұшағын жасаудағы мақсат – гипердыбысты, турбореактивті қозғалтқыштың баламасы негізінде жаңа технологиялардың мүмкіндігін анықтау. Ғалымдардың ойынша, бұндай гипердыбысты ұшақтар келешекте Жер шарының кез келген нүктесіне 3-4 сағатта жетіп алады екен.
X-43A ұшағына қысқаша сипаттама:
Түрі – тәжірибелі ГҰА (гипердыбысты ұшу аппараты)
Қанаттарының құлашы – 150 мм.
Ұшақтың ұзындығы– 366 мм.
Биіктігі – 60 мм.
Салмағы – 1270 кг.
Қозғалтқыш саны – 1.
Ұшу қашықтығының шегі – 30 км.
Оқи отырыңыз:
1. Ең алғашқы тікұшақ қалай жасалды?
2. Аты аңызға айналған Драгунов мергендік винтовкасы
3. Аустриялық әскери әмбебап қару (AUG)
4. Әлемдегі ең мықты һәм танымал 10 қару
Сурет: v-nayke.ru, testpilot.ru, the-legends.ru.