- Негізгі бет
- Бесқару
- Әлемде болған ең...
Әлемде болған ең үлкен ядролық сынақ полигондары
Адамзат жасаған қарулардың ішінде ядролық бомбадан өткен зұлматы жоқ. Бұл қарулар өмірге келген ХХ ғасырда әлемнің түкпір-түкпірінен ядролық сынақ алаңдары ашылған. Дегенмен,осы ғасырдың басында адамзат болашағына бейжай қарамайтын тұлғалардың бастамасымен бұл сынақ алаңдары жабылып, атом бомбаларының сынағы тоқтатылған болатын. Қазірде жарылыс жасалмағанымен адам өміріне аса қауіпті радиация таратып отырған бұл сынақ алаңдары қай жерлерде болған? Біз оларды тізбектеп көрдік.
Аломогордо полигоны. Алаң АҚШ-тың Нью-Мексика штатында, Аломогордо қаласынан небәрі 97 шақырым жерде орналасқан. Бұл полигонда 1945 жылдың 16 шілдесінде ең алғашқы атом бомбасы «Тринити» сыналыпты. Кейіннен полигон қарудың басқа түрлерін сынайтын алаң ретінде қолданыла бастаған. Бүгінде Аломогордо – туристік нысан. Жыл сайын белгіленген күндері сынақ орындарына туристік экскурция жасалып отырады.
Биккини аттолы. Құрама штаттар Биккини аттолында 1946-1958 жылдар аралығында 23 атом және сутегі бомбаларын сынаған. Оның ішіндегі ең қуаттысы 1954 жылы 1 наурызда сынақтан өткен. Ол қуаты жағынан Хиросимаға тасталған бомбадан 1000 есеге артық болған.
Эниветок полигоныныда АҚШ 1948-1958 жылдары аралығында 43 ядролық қаруды сынақтан өткізген. Аралдан көшірілген халық 1970 жылдары оған қайтадан қоныстана бастапты. 1977 жылы АҚШ аралды залалсыздандыру үшін өз әскерін аттандырады. 1980 жылы билік аралды өмір сүруге қауіпсіз деп тапқан.
Невада полигоны. Аталмыш полигон да АҚШ-қа қарасты Невада штатының аумағында жарақталған. Ол әйгілі Лас-Вегас қаласынан солтүстік-батысқа қарай 100 шақырым қашықтықта орналасыпты. Қолданысқа 1951 жылы берілген. Бұл полигонда 1953 жылы тарихтағы ең алғашқы артилериялық ядролық снарядпен сынақ жасалады. Жарылыстан пайда болған саңырауқұлақ алыстағы Лос-Анжелестен де байқалған деседі. Полигон 1992 жылы ядролық жарылысты тоқтату туралы шартқа қол қойылғаннан кейін жабылады.
Муруроа аттолы Тынық мұхитының оңтүстік бөлігіндегі аралдарда орналасқан. 1966 жылдан бастап Францияның ядролық қару сынайтын полигоны ретінде қолданыла бастаған. 1961 мен 1996 жылдар аралығында Муруроа 181 ядролық сынақты бастан өткеріпті. Өзінің ядролық сынақ алаң ретіндегі рөлін 1998 жылы Францияның халықаралық шартқа қосылуынан кейін тоқтатқан.
Лоб-Нор. ҚХР ядролық алаңында 1964 жылы алғашқы ядролық қару сыналған. Ол кездегі ядролық державалар Қытайдың бұл уақытта ядролық қаруы болатынына сенбеген еді. 1967 жылы полигонда сутегі бомбасы сыналған. Деректер бойынша жалпы саны 45-47 ядролық сынақ жүргізіліпті. Оның алтауының қуаты 4 мегатоннадан асқан.
Жаңа жер полигоны. 1954 жылы КСРО басшылығының құпия жарлығымен іске қосылады. Дәл осы полигонда 1961 жылы адамзат тарихында «Бомба патшасы» саналған, қуаты 58 мегатонналық ядролық бомба сыналады. Жалпы саны 132 жарылыс болған. Оның 87 жарылысы ауада және 42-сі жер астында сыналған.
Семей полигоны. Бәрімізге белгілі бұл полигонда алғашқы сынақ 1949 жылы жасалған. Ал 1953 жылы жер бетінен 30 метр биіктікте алғашқы термоядролық қару сыналыпты. Полигонда 1949 бен 1989 жылдар аралығында 456 ядролық бомба сынақтан өткен. 1989 жылғы «Невада-Семей» қозғалысына кейін полигондағы сынақ тоқтатылған.
Дайындаған: Дінмұхамед МҰХАМЕТЖАН
Massaget