Apple қызметкері Beretta мылтығының дизайнын жасады

Apple қызметкері Beretta мылтығының дизайнын жасады

Итальяндық қару-жарақ шығаратын Beretta компаниясы Apple компаниясының дизайнері Марк Ньюсонмен келісімшартқа отырды. Келісімшарт бойынша дизайнер осыған дейін жасалған Beretta қаруларын өңдеп, сонымен қатар, жаңа қарулардың сызбасын жасап шығаруға тиіс.

Австралиялық дизайнер алғашқы жұмысын Beretta 12 калибрлі Beretta 486 аңшылық мылтығын өңдеуден бастапты. Бұл қарудың тек қана сыртқы пішінін әдемілеп қана қоймай, ішкі құрылымына да сәтті өзгерістер енгізген.

Нақтырақ айтсақ, Ньюсон мылтықтың жапсарындағы батырманы алып тастап, оның бұғауы мен оқталатын бөлігінің құрылымын өзгерткен. Сондай-ақ, мылтықтың ағаш шүйдесінің бұғауға бекіген жері мен ұңғысының ауыстырғышы да айтарлықтай  өзгеріске ұшыраған.

Apple дизайнері, сонымен қатар, қарудың тартпасын да бірнеше рет өзгертіп, артқа қарай жылжытқан. Сонымен бірге, шаппалы механизмі мен шүріппесі Энсон-Дили (Anson & Deeley) мылтығының жүйесімен жасалған. Қарудың сабы да кішірейтілген.

Мылтық бұғауының алдыңғы бөлігі мен ұңғының бекітілген жері бұрынғыға қарағанда, әлдеқайда ыңғайлы болды. Бұл мылтықтың жаңа түрінің ұңғысын жасауда "суықтай соғу" әдісі пайданылған. Бір қуантарлығы, Beretta 486 қаруын лазерлі нақышпен әдемілеген. Beretta компаниясында бұған дейін лазермен нақыштау әдісі қолданылмаған екен.

Мылтық бұғауындағы сурет азиялық үлгіде салынған. Ал, оның негізгі нышаны - айдаһар. Beretta компаниясының хабарлауынша, бұл өзгерістерден кейін мылтық бұрынғысан да әдемі және танымал болды. 

Салмағы 3 килограммды құраған Beretta мылтығы, жаңа өзгерістерден кейін,  аздаған салмақ қосып, 3,2 килограммды құрап тұр. АҚШ-та бұл қарудың негізгі түрі 5,4 мың АҚШ долларын құраса, Ресейде 296 мың рубльге ала аласыз. Бағасын ұлттық валютамызбен есептесек, 1 000 000 теңгеге жуықтайды екен. Бірақ, Марк Ньюсон өзгеріс енгізген жаңа мылтықтың құны әзірге белгісіз болып отыр.

Осы айтқандарымызды, мылтықтың жасалу жолын көзбен көргіңіз келсе, онда мына жазбаға назар аударыңыздар.


Сурет: cdn.shazoo.ru, constantinidesshooting.com, icdn7.digitaltrends.com, img1.gtimg.com

Е. Жұмабайұлы