Бұл тапаншаны құраушы - француз Жан Александр Франсуа Ле Ма (Jean Alexandre François Le Mat). Ол 1821 жылы дүниеге келіп, 1843 жылы Жаңа Орлеанға көшеді. Бұнда оңтүстік штаттың ерлеріне полковник шені берілетін болған. Бірақ, Ле Маның әскери шені жоқ. Ол бастапқыда дәрігер, кейін әлемге әйгілі өнертапқыш болды. Оның туындыларының бірі – Америкадағы азамат соғысына дейін жасалған капсюльді тапаншасы. Бұл тапанша өз заманындағы алтыатарлардан өзіндік ерекшелігімен асып түсті. Қазір де өз құндылығын жоғалтқан жоқ.
1856 жылы 21 қазанда Ле Ма өзінің алтыатары үшін №15925 патентін алады. 1859 жылы Азамат соғысы кезінде Конфедерат армиясының генералы Пьер Гюстав Тутан де Борегармен (Pierre Gustave Toutant Beauregard) бірлесіп жұмыс істейді. Әскерилер тапаншаны қаруландыруға пайдалану үшін ыңғайлы деп тапқанымен, оларға әскери тапсырыс ала алмады. Оған себеп, тапаншаны жасау жұмысын жеңілдету үшін өзгерістер енгізу керек еді.
1860 жылы 10 сәуірде Борегар өз еншісін Ле Маға қайтып сатып, әскери мансабын жалғастыру үшін серіктестіктен кетеді. Осыдан соң, Ле Ма Америкадан тысқары жақта өз тапаншасын өндірудің мүмкіндіктерін іздей бастайды. Ол серіктестігінің төрттен үш бөлігін француз дәрігері Чарльз Фредерик Жирарға сатады. Сөйтіп, алтыатарды Франция елінде шығара бастайды.
1861 жылы 12 тамызда Конфедерация үкіметінен 5000 тапаншаға тапсырыс алады. Сонымен қатар, Федералды флотпен келісімшартқа отырады.
Ле Ма револьверінің калибрі Кольт, Ремингтон және тағы басқа тапаншалардың калибріне қарағанда кішірек. Қарудың салмағы 3,1 кг. Ұзындығы 356 мм. Оқтың ұшу жылдамдығы 190 м/с.
Қарудың тұтқасы жаңғақ ағашынан жасалған. Тұтқада қиық тәріздес ою бедерленген. Алтыатардың сабының төменгі тұсында ілмегі бар. Ол - қарудың сый ретінде де беріліп жүргенінің дәлелі. Кейін уақыт өте келе Ле Ма тапаншасын асқан шеберлікпен әдемілеп жасайтын болды.
Тапаншаны таңбалауда тапаншаның оқталатын бөлігінің оң жақ бетінде «LM» таңбасы мен сериялық номері жазылады. Үстіңгі қырында «Syst Le Mat Bte s-g-d-g Paris» деген қолмен бедерленген маркалық мәтін бар.
Кемшін тұсы – қару барабанының оқтау тетігінің әлсіздігі. Филадельфиядан Джон Крайдердің кәсіпкерлігімен шыққан Ле Ма револьверінің жүз шақтысы әскери сынақтан өткен. Қарудың негізгі бөлшектері 1856-1865 жылдар аралығында Париж және Бирмингем қалаларындағы зауыттардан шықты. Өндіріліп шыққан 2900 алтыатардың 900-і Конфедерация әскеріне, 600-і флотқа жіберілген.
Оқи отырыңыз:
ХХ ғасырдағы ең мықты тапанша
1066 - 1645 жылдар арасындағы Британ әскерінің киім, қару-жарақ үлгілері
Сурет: topwar.ru