– Шайқас кезінде жауынгерлерге жігер беретін ең күшті жебеуші нәрсе не, Бауке? – деп сұрадым батырдан.
– Командирдің жеке басының қайраты, – деді Баукең.
– Осыған байланысты өз майдан жолыңыздан бір әңгіме айтып беріңізші, Бауке?
– Немене, мақтануым керек пе?
– Жоқ, болған оқиғаны айтып беруіңізді сұраймын.
– Тыңда, ендеше... Бір жолы біздің батальон қалың орманға қарай бет алды. Орманға жүз елу-екі жүз метрдей таянып қалдық. Оқ бойы алдымызда бара жатқан екі шолғыншы жауынгердің біреуі көмілген минаға ұрынып, аспанға ұшты. Екінші шолғыншы да алға қарай бір-екі аттап қалғанда, минаға соғылды. Бәріміз де тоқтай қалдық. Мина көмілген алаңға киліккенімізді түсіндік. Енді ілгері жүру қауіпті. Бірақ кейін шегінуімізге болмайды. Қайткенде де орманға кіруіміз керек. Бекініс жасар жер алдымызда. Жауынгерлеріме қарадым. Бәрі тым-тырыс. Аяқтарын бір қадам ілгері аттап басуға ешбіреуінің де батылы жетпей тұрғанын өңдерінен таныдым. Енді не амал табуым керек?
Менің астыма мінген атым бар болатын. Тәуекелге бел байладым да, атпен алға тура жүріп кеттім. Орманға жеткен соң бұрылып, кейін қайырылдым. Осылай ерсілі-қарсылы екі рет жүріп өтіп, із салдым. Сонан соң жауынгерлерге:
– Еріңдер соңымнан! Бір ғана қатармен, біріңнің артыңнан бірің менің ізімнен тұп-тура жүріп отырыңдар! – деп бұйрық бердім.
Қозғалып кеттік. Орманға жеткенше еш жағыма бұрылып қарағаным жоқ. Екі көзім тек алда болды. Соңымнан жігіттердің көздерін менен айырмай, аяқтарын батыл басып келе жатқанын ішімнен сездім. Қауіпті зонадан бәріміз аман өттік.
– Мина көмілген жерді кесіп жүріп келе жатқаныңызда қатерге ұшырармын деп қауіптенбедіңіз бе?
– Тәуекелге бел буған адамды қорқыныш билемейді.
– Соғыста ең қауіпті нәрсе не?
– Паника. Қазақшалап айтқанда үрей.
Нығмет Ғабдуллин