Сөздің мән-мағынасын түсінбей, тереңіне үңілмей, орынды-орынсыз жеріне қолдана беретін кезіміз болады. Жазылған сөз тасқа басқан таңбадай боп өшпей, кейінгі буынға қалдырылады. Ұрпағымыз қателеспей, әр сөзді өз мағынасында қолдансын десек, өзіміз барлық сөздің түп-төркініне зер салып, қолданылу аясын біліп жүргеніміз абзал.
Әдетте ақсақалды – шал, шалды – қария деп шатастырып, синоним ретінде кезектестіріп айта береміз. Шынтуайтқа келгенде, синоним сөздердің де қолданылар орны бар.
Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты ақсақал деп, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған.