- Негізгі бет
- Бауыржан Момышұлы
- Момышұлының әскери тақырыпқа...
Момышұлының әскери тақырыпқа жазылған туындылар туралы пікірі
Атақты қаһарман, қайталанбас тұлға Бауыржан Момышұлы батырлығымен қатар жазушылығымен де белгілі.
Б. Момышұлы 1955 жылы әскер қатарынан толық босағаннан кейін жазушылық жолға түсіп, өзінің әскери мемуарлық шығармаларын жазуға кіріскен. Жазушылықпен айналысып қана қоймай, Жазушылар Одағының қоғамдық өміріне етене араласып, әскери-патриоттық іс-шаралар ұйымдастырып, заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовпен бірлесе отырып, үнді жазушылары мен Қазақстан жазушылар арасында шығармашылық көпір салып, сол қоғамдық ұйымды басқарды.
Жазушының 1941 жылы жазыла бастаған "Ұшқан ұя" шығармасы 1946 жылы баспаға ұсынылып, 1960 жылдардың аяғында жазушы Т.Иманбековтің аудармасымен қазақ оқырмандарына толықтай таныс болды. Оның бұл шығармасы аяқсыз қалған. Кейбір зерттеу деректеріне сүйенсек, бұл шығарма үш кітаптан тұруға тиіс екен.
Куба саяхаты жазушының өміріндегі ең зерделі сапары болып есептелінеді. 1959 жылы Куба революциясы жеңіске жетіп, Америка құрлығындағы алғашқы социалистік мемлекет ретінде қатыптасып жатқан тұста Б.Момышұлы Куба мемлекетінің басшысы Ф.Кастроның арнайы шақыртуымен бір айға жуық сол елді аралап қайтып, өзінің "Куба әсерлері" деген атпен сапарнамалық шығармасын жарыққа шығарды.
Бұдан бөлек жазушының "Москва үшін шайқас", "Жауынгердің тұлғасы", "Майдан", "Майдандағы кездесулер", "Генерал Панфилов", "Төлеген Тоқтаров", "Адам қайраты" (1981 жыл), "Ел басына күн туса", "Психология войны" атты кітаптары жарық көрген.
Б.Момышұлы Әзілхан Нұршайықовтың "Ақиқат пен аңыз" роман-диалогиясында "Қазақ әдебиетінің әскери тақырыпқа жазылған туындылары туралы пікіріңіз қандай?" деген сұраққа былай деп жауап береді:
– Ол туралы айтсам бәрің де өкпелеп қаласыңдар. Әскери тақырыпты біздің көпшілік жазушыларымыз әлі түсінбейді. Түсінбейтіні тәжірибе, білімі жетпейді. Ал әскери өмір күрделі, оның үстіне көктемдей құбылмалы өмір. Соңдықтан оның терең сырын білу оңай емес. Адамның үйдегі психологиясы бір басқа да, соғыстағы психологиясы мүлде өзгеше болады. Бұл екі жағдайдағы психологияның арасы жер мен көктей. Әрине, соғыста болмай-ақ, суық окопта жатпай-ақ, төбеден төнген бомбаның жанынды суырып алардай боп шыңғырған даусын білмей-ақ, жаралы жер мен жаралы адамның ыңырсығанын естімей-ақ, дәрі мен қанның иісін иіскемей-ақ, үйде отырып-ақ әскери шығарма жазуға болады. Ондай жазушыны, жалпы білімі болғанымен, соғыстан сауаты жоқ жазушы дейміз. Ал өзі сауатсыз жазушының кейіпкері надан болып шығады. Ондай кейіпкерлер, мысал үшін, Ұлы Отан соғысында қарсы келген жауды найзаға шаншып алып, лақтыра береді, лақтыра береді. Ал оның адамды лақтырған жеріне сенің тас лақтырсаң құлашың жетпейді. Бұл біздің асыл қазынамыз ауыз әдебиетінің тәсілі. Егер «Қобыланды батыр» жырын өзіміздің ең алғашқы әскери дастанымыз деп есептесек, соны бірінші жырлап шығарған ақынның соғысқа қатыспаған жан екені бесенеден белгілі болып тұрады. Ондағы соғыстардың бәрі де соғыс әмірінің шындығынан аулақ, алшақ жатады.
Ал адам туралы ғылым кең өрістеген қазіргі заманда әскер психологиясын ауыз әдебиетінің әдісімен бейнелеп, суреттеуге болмайды. Соғыстан пәленбай мың шақырым жердегі алыста, туған үйінде отырып жазған жазушы тұрғай, майданнан 250 километр алыста болған тыл офицері алдыңғы шепте жүрген дивизия командирінің, ал майданнан он километр аулақ тұратын штаб хатшысы алғы шепте жүрген жауынгердің психологиясын білмейді. Сондықтан олар өзі бастан кешпеген ерлік пен батылдықты, үрей мен қорқынышты соғысқа қатынасқан адам сенетіндей етіп суреттей алмайды.
Ондайлар тек қана өздерінің оқығандарынан, естігендерінен, өз ойы ғана жеткен мөлшерден қоспа жасайды. Қоспа дегеннің не екенін білесің бе? Қазақта осындай бір дәм бар. Оны ірімшіктің, құрттың, тарының, бидайдың талқанынан жасайды. Бәрін араластырып жіберіп, сары майға жаншады. Сонда одан аузына салғанда ірімшіктің де, сықпа құрттың да, тарының да, талқанның да дәмі білініп тұрады. Бірақ ол тары да емес, ірімшік те емес, небәрі қоспа ғана. Соғыс жайындағы әр кітаптың әсерінен құралған шығарма да сондай болады. Сен зеңбірек командирі болдың, артиллерияның кіші командирісің. Өзің ойлашы: жабық позициядан жау жаққа дүңкілдетіп снаряд жолдап жатқан сен дәл сол сәтте, төбесінен сенің жіберген снарядтарың ысқырып өтіп, окобының жиегін жау пулеметінің оғы инедей шабақтап жатқан кездегі өзі бас болып жігіттерін атакаға көтеруге міндетті жаяу әскер кіші командирінің психологиясын білесің бе? (Мен басымды шайқадым.) Білмейсің. Білмеген соң оны жеткізіп айту қиын. Ал соғыстың философиясын, солдаттың психологиясын жеткізіп керсете алмаған туынды әскери шығарма емес, әшейін шатпырақ қана болады, қарағым. Сен де әксери такырыпқа жазып жүргендердің бірісің. Көңіліңе келсе де менің сендердің шығармаларың жайында айтар шындығым осы, шырағым.
Сурет: Мassaget.kz
Н. Айдархан