Даңқты батыр Бауыржанның соңынан ерген аңыз көп. Олардың бір парасын ел-жұрт аузының суы құрып айтады. Батырдың көзін көргендер оның қандай адам болғаны жайында бірнеше естелік жазған еді. Сондай қызықты естеліктердің бірі – "Кәрі күйеу" оқиғасы. Ол қалай болды?
1970 жылы Абайдың жүз жиырма бес жылдығы аталып өтті. Әуелі астанамыз Алматыда басталған мереке Семейдегі, одан кейін Шыңғыстаудағы тоймен ұласқан-ды.
Абай ұрпақтарының қадірлі қонақтарының бірі – Бауыржан Момышұлына арнайы ақ шаңқай үй тігіліп, ерекше құрмет-ілтипат көрсетілді. Сол үйдің қожасы – бір совхоздың директоры екен, Бауыржанның қолына суды өзі әкеп құйды. Орамалды өзі әкеліп ұсынды. Бар мүшесі түгел табақты да өзі әкеліп қонағының алдына тартқан-ды.
Алдында Семей қаласында әлденеге ренжіп қалған Момышұлының ашуы әлі тарқамаған болса керек. Мін тағу үшін қайтсе де ілік іздейді ғой баяғы. Буы бұрқырап келген дәмге көз жүгіртсе, ішінде төс жоқ. Ал Бауыржанның жаңа қосылған жары – Кәмеш осы Семей елінің қызы. Олай болса, Бауыржан – исі Семей еліне күйеу. Ілік табылды ендеше!
– Әй, деректір, менің осы елге күйеу екенімді білесің бе? – деген ғой әдейі қисайта сөйлеп.
– Білем, Бауке, – депті өз басына үйіріліп келе жатқан бұлтқа онша көп мән бере қоймаған директор.
– Білсең, төсім қайда?
Төстің жоғына көзі жетсе де, директор бірақ саспаған.
– Сен секілді кәрі күйеуге бас пен жамбас та жетіп жатыр! – деп бас пен жамбасты Бауыржанның алдына қойған ғой.
Бауыржан қарқылдап рахаттана күліпті де, совхоз директорына:
– Өй, сен өзің тапқыр жігіт екенсің ғой! – деп өз қасына отырғызған.
Бұл жерде анықтай кетер бір нәрсе бар: егер совхоз директоры қысылып, қымтырылып, ас пісіріп, даяшылық жасап жүргендерге: төсті неге салмағансыңдар, мана айтқан жоқ па едім, – деп жалтарар болса, – сен өзің қайда жүрсің? Бар көзіме көрінбе! – деуден Момышұлы тайынбақшы емес.
Батырдың даңқына табынып, сырттай жақсы көріп жүрсе де, бетпе-бет кездесе қалғанда аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұратын немесе оны орынсыз мақтай жөнелетін азаматтардың, көбінесе, Бауыржан алдынан ренжіп, опық жеп шығатындарының сыры, міне, осы секілді жайларда жатса керек-ті. Бауыржан ойшылдық пен пікірліліктің, ақылдылық пен тапқырлықтың құлы болып өткен адам.
Сафуан Шаймерденов
"Ағалардың алақаны" кітабынан