- Негізгі бет
- Бауыржан Момышұлы
- Жазушының жалғыз ұстазы...
Жазушының жалғыз ұстазы бар...
Москва түбіндегі шайқастарда тұңғыш көргенде-ақ, мен оны білетіндей сезінгем. Одан бері қанша уақыт өтсе де, біздің қатынасымыз әлсіреп, өмір жайлы түсініктеріміз кереғар келіп көрген емес. Бәлкім, ол бізді соғыс табыстырып, достығымыз қанмен бекігендіктен бе екен? Бәлкім, көп нәрсені бірдей байқап, бірдей ұғатынымыздан шығар. Бәлкім... Мұны түсіндіру қиын. Оны тек сезу, бастан кешіру қажет.
Бауыржан қасиеттерінің сипаттары қандай? Бұл қиын сұраққа оның берген жауабын жазған шығармаларынан табуға болады. Оның айтқандары көкірекке ұялай кететіні соншалық, көп сөздері афоризмге айналып, күнделікті әңгімемізде жиі қолданылып жүр. Жиырма жастағы балғын жігіттің: «Еңбек етпей, шаршамай, дем алған да азап қой» деуі қандай мықты! Мұны ол алдымен өзіне арнаған еді. Келе-келе бұл қағида оның бүкіл өмірінің берік заңына айналды. Еңбексіз күні өтпейді. Әйтеуір күн өткізу үшін емес, шындап еңбектенеді. Өз отандас-замандастарының бақыты үшін, ертеңгі келер күннің қуанышы үшін бар күш-қуатын, жігер-қайратын жұмсау – ол үшін барып тұрған рахатты өзі болды десек,жаңылыспас едік.
Бауыржанның әскери қабілетінің гүлшешек атуына соғы жылдары көп мүмкіндік берді. Шайқасты батальон басқарғанаға лейтенант дәрежесімен бастаған ол Жеңіс күнін даңқты 9-гвардия дивизиясының командирі, гвардия полковнигі болып қарсы алды. Соғыстан кейінгі жылдары соғыс Академиясында профессор дәрежесінде тактикадан сабақ берді... Я, ол армияны, армиялық өмірді жан-тәнімен сүйген еді.
Әдебиетке, өз сөзімен айтқанда, оны соғыс сүйреп әкелді. Әрі қайрат-күші мол шағында, дер кезінде келді. Оның «Біздің семья» деп аталатын алғашқы повесі көркемдігімен, байқауларының сергектігімен, түйгендерінің сонылығымен жұрт көңілін бірден аударды. Одан соң әскери әңгіме, повестері жиілей бастады. Бұл кезде өмірге жаңа бір талантты жазушы, әскери тарихшы келгені кімге болса аян еді.
Бұл дәрежеге Бауыржан оп-оңай жеткен жоқ. Оның моральдік кодексінде: «Ең ауыр айып – сенімді ақтамаушылық» деген сөз бар. Бұл сөзден кейін Бауыржан әдебиетке арқалар жүк, атқарар парызын білмей келді деу қиын.
Бауыржан Момышұлының шығармашылығындағы ендігі бір ерекшелік – оның әр кез жастарға бағышталып отыратынында. Жастар – біз бастаған істің жалғасы, еліміздің ертеңі. Сондықтан олардың өміріне немқұралы қарай алмаймын дейді жауынгер жазушы. Бұл пікір күдіктенуден гөрі қамқорлыққа көп саятын еді. Онда Бауыржанға тән талғампаз махаббат бар.
Ол ауылда жүрсін, қалада болсын, өмірді сырттан бақылаушы боп көрген емес. өмірдің қуанышы да, қайғысы да – оған ортақ, қымбат. Ол өзі өмір сүрген әрбір жарық күнге жауапты екенін жақсы біледі. Сондықтан оны жұрттың бетіне тік қарайтындай етіп өткізуге тырысады. Адамдыққа, адалдыққа құмар жас біткеннің Бауыржанды, ол жазған кітаптарды жақсы көретіні сондықтан болар. Жауынгер жазушы Бауыржанның ең қымбат қазынасы – оған деген бүкілхалықтық шексіз махаббат. Оның тууына да себеп болған сол әлгі біз айтқан қасиет емес пе екен?!
Оның өмірге, жазушылық еңбекке деген құмарлығы, қай әдебиетшіге болсын үлгі етіп тартарлық. Жазушыда жалғыз ұстаз бар. Ол – өмір. Мұны айту жаңалық болмас, бірақ қайталап отыру да керек. Ол мазасыз арың секілді маңыңнан ұзамай, сені төңіректеп жүруге тиіс. сонда барып қана жастарды толғандыратын сұрақтар мен проблемаларға ортақтаса аласың. Ал одан кейін көкірегіңнен бір нұрлы сәуле бас көтеріп, өзіңді жастардың қатарына қосылғандай сезінесің. Олардың қуаныштары мен күдіктері – сенің қуаныштарың мен күдіктеріңе айналғандай болады. Олардың арман, істері – сенің арман-істеріңдей көрінеді. Содан кейін сен өзіңнің жазу столыңа қайта отырасың да, менің майдандас досым Бауыржан Момышұлы сияқты «Өмір өшкен жоқ» атты жаңа кітабыңды жазуға кірісесің.
Қаншама қиындықтар, қаһарлы жылдар алдында бас имеген Бауыржан бұл тұста да асқақ та абыройлы болатынына сенімім мол.
Дмитрий Снегин
@. @assel_assanova