Халықтың басына сұрапыл күн туып, ат ауыздықпен су ішіп, азамат етігімен су кешкен кезеңде тоз-тоз болған елдің етек-жеңін жиып, басын құрап, халық мүддесін қорғаған қаһармандарымыз аз болған жоқ. Соның бірі – Бауыржан Момышұлы. Қылышынан қан тамған заманда да қазақтың намысын жоғары қойып, қарсы тұрған жаудан қаймықпаған ердің арманы – тәуелсіздік болатын. Мұны абайтанушы, бауыржантанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов пен жазушы Мамытбек Қалдыбаевтың естеліктерінен оқып, есітіп жүрміз. Осы орайда батыр Бауыржан туралы жазылған естеліктерді назарларыңызға ұсына кеткенді жөн санап отырмыз.
***
Қалай дегенде де Бауыржан Момышұлының ел ұғымында толымды, жинақы, тұтас соғыс бейнесі қалыптасқан. Бұл – соғыс қаһарманы ғана емес, сонымен бірге жарқын да жалқы, қайта тумас азаматтың бейнесі. Оған енді жазушы Момышұлы деген атақты қосқанда алуан қырлы алып тұлғаның өзі шыға келер еді.
Тахауи Ахтанов
***
Баукең – табиғаттың перзенті... Ол кітаптарымен отаншыл үзеңгі жолдастарын, қатардағы жауынгерлерді дәріптесе, жұрт оның өзің аңызға айналдырған.
Тәкен Әлімқұлов
***
Адамгершілік, азаматтық, парасаттылық, ерлік, сұлулық жағынан Баукең – менің ұлы ұстазым. Мені Баукең тәрбиеледі. Қалыптасуыма тікелей өзі көмектесті.
Олжас Сүлейменов
***
Егер жазушы, не ақын болсам, көк күмбезді қағаз етіп, көкала дарияны сия етіп, «Батыр Бауыржан» деген хикая жазған болар едім.
Мәлік Ғабдуллин
***
Мен қазақтардың арасынан Бауыржанмен салыстыруға келетін жан таппай жүрмін. Бәлкім, таппайтын да шығармын.
Ол шыншыл, тік мінезді ашық-жарқын жан... Ол өз солдаттарын қатал, бірақ әкелік мейіріммен сүюші еді. Өз командирінің еркін орындау мен Отан алдындағы перзенттік борыштарын өтеу үшін гвардеецтер қажетті сәттерге өлімге барудан да тартынбайтынын білетін Бауыржан солдаттардың басын еш уақытта оққа орынсыз тосқан емес.
Дмитрий Снегин
***
Бауыржан аға өте сезімтал, жаны нәзік адам еді. Ол кісіні дөрекі дейтіндердің өзі дөрекі. Алла тағала неше қилы қасиеттерді үйіп берген табиғаттың таңғажайып перзенті-тін.
Жан-жақты болатын. Он алты қырлы десе де, артық етпейді. Суретші... Музыкант... Биші...Мергендігі өз алдына. Тастаяқты қалай ойнайтын еді!
Сырт жұрт о кісіні қатал деп ойлауы мүмкін. Негізінде олай емес. «Мінезім бар көктемдей құбылмалы» деп өзі де айтып кеткендей, қайта өте мейірімді еді бұл кісі.
Ал кейдегі «қаталдығы» надандық пен жалғандыққа, көлгірлік пен қулық-сұмдыққа жаны қастықтан туындап жататын. Сондай-ақ ондай мінезін қатігездіктен емес, қамқорлықтан туған қаталдық деуге болады. Менің ұлым қайтыс болғанда ауруханада жатқан-ды. Төрт күн бойы маған жаны ашып, «қап, қиын болып қалды-ау саған» деп қиналып, мені жұбатып жатты.
Сөйтіп, менің ұлымнан төрт күннен соң өзі де көз жұмды. Сонда қатты тебірендім.
Мамытбек Қалдыбаев
***
Сырқатым құздың қыржау қиясында,
Қыранның қол жетпейтін ұясында.
Ауырмай мерт болатын ақ иықты,
Ауруға емдеу үшін қиясың ба?!
- Баукеңнің бұл өлеңі өзін емдейтін дәрігерге жазылған өлеңі емес екен. Осы өлеңді өзі түсіндіріп: «Доктор деген дәрігер емес, сенің анау ЦК-аң. Ол менің қалағанымды бере алмайды, менің арманымды ұға алмайды» - деді. Ал Бауыржанның арманы – тәуелсіздік болатын. Ұлт мүддесі еді қыранның қол жетпейтін қиясында жатқан.
Мекемтас Мырзахметов