Қазақтың біртуар тұлғасы, батыр, қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлының тік мінезді болғаны жайлы көзін көргендердің әңгімесі жетерлік. Батырдың сондай тұсын мына оқиғадан оқыңыздар!
Бірде Момышұлына радиодан магнитофонын арқалап тілші келеді. Тілші шашын әйелше қоя берген жас жігіт екен.
- Әй, сен кімсің? - дейді Бауыржан оны көрген бойда.
- Радиожурналистпін, ағай. Сізбен сөйлесейін деп келіп едім.
- Өзің әйелмісің, еркекпісің, мен соныңды айт деп тұрмын саған?!
- Еркекпін, ағай.
- Кругом! - дейді Баукең оған ежірейіп. Сасқан жігіт ұршықша айналып кейін бұрылып, есікке қарап тұрады.
- Сен еркек болсаң, онда шашыңды еркекше алдырып кел. Марш!
Жігіт салы суға кетіп, кеңсесіне қайтады. Қысқартайын десе, шашын қимайды, қысқартпайын десе - тапсырма қинайды. Сөйтіп жүргенде бір күн өте шығады. Ертеңінде оны бастығы шақыртады.
- Момышұлымен әңгіме дайын ба? - деп сұрайды бастық.
- Жоқ.
- Неге?
- Шашыңды еркекше алдырып келмесең, сенімен сөйлеспеймін деп қуып шықты.
- Шашыңды неге алдырмайсың?
- Қимаймын.
Бастық ашуланады.
- Ол материал программада тұр. Шашың тұрғай басыңды алдырсаң да бүгін материал осында болсын! - деп бұйырады ол жігітке.
Жігіт амалсыздан шаштаразға барып шашын жұқарттырады. Содан соң Бауыржанға қайтадан барады.
"Ақиқат пен аңыз"
Әзілхан Нұршайық