- Негізгі бет
- Бауыржан Момышұлы
- Бауыржан Момышұлының келініне...
Бауыржан Момышұлының келініне айтқан насихаты
Зейнеп Ахметованың "Бабалар аманаты" кітабында "Атаның маған айтқан ақыл сөздері" атты тарау бар. Бұл тарауда автор Бауыржан Момышұлының насихат сөздерін жариялаған. Біз бүгін Бауыржан Момышұлының келініне айтқан ақыл сөздерінен үзінді ұсынып отырмыз.
Анаған да, мынаған да таңғаласың да жүресің. Соған кеткен қуатыңды, уақытыңды өзгені таңғалдыруға жұмсамайсың ба?! Меніңше, сенде оған жететін күш-қуат бар.
Алатын кезде – алға озып, беретін кезде артта бұғып қалатын, алғаны мен бергенін жіпке тізіп санайтын адамнан аулақ жүр. Ондай адамнан құтылудың өзі – үлкен олжа.
Адам ешкімге сенбей, бәріне күдіктеніп, айналасындағыларды ылғи “алдамшы”, “қу”, “нашар адамдар” деп ойлап жүрсе, тура сондай сұмырайлар кездесе береді, қасыңа топталып, жинала береді.
Өзгеден артық боламын деп арындама, шамаңды сақта. Тең түскенге қанағат ет. "Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар" деген ата-бабаң. Бірақ тепкіге төзбе, ешқашан аяққа басылмағын.
Адам өмірге, мынау жарық дүниеге жылап келеді. Ата-ана, туған-туыс айналасы шат-шадыман қуанады. Кетеріңде өзгелер жылап, өзің ризашылықпен қуанып кететіндей істе.
Ғылым-білім деген – түпсіз тұңғиық. Жұмыр жердің бетінде оның түбіне жеткен жан жоқ. Дегенмен шетсіз-шексіз ілім-білім жолында әркім өзінің өресі, шама-шарқы жеткен жерге бір белгі – шыбық шаншып қалдырса, сол шыбық өсіп, өзінен кейінгіге сая болып, жол нұсқап жатса, есте қалған деген сол болады.
Маңдай терің тамған еңбегің мен ақылың жұптаса қол ұстасып жүрмесе, тапқаның табаныңның астында тарыдай шашылады.
М. Оңғарова